Жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Елде жалақы көлемі тұрақты өсіп келеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 448 мың теңгеден асты. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш 471 мың теңге, ал ауылдық жерлерде 382 мың теңге шамасында. Бір жылда жалақы 11 процентке артқан. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы инженерлер айына 2,7 миллион теңгеге дейін, аналитиктер 850 мың, ал технологтар  750 мың теңгеге дейін табыс табады. Сарапшылар мұны экономиканың әртараптануы, цифрлануы және жаңа өндірістердің дамуының нәтижесі деп бағалайды. Жыл басынан бері 607 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Сәйкесінше елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентке дейін төмендеді. Бүгінде Электронды еңбек биржасында 65 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Ranking.kz мәліметінше, сұраныс ең жоғары мамандықтар – жүргізушілер, құрылысшылар және техникалық қызметкерлер. Мысалы, арнайы техника машинисінің жалақысы 400–700 мың теңге, ал жер асты кеншілерінің айлығы 450 мың теңгеге дейін жетеді. Айта кетейік, жалақы деңгейі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр.