Қазақстанда 9 айда 1 млн-ға жуық бос жұмыс орны жарияланды
Қазақстанда кадр қат. Еңбек биржасында жарияланған жұмыс орындарының 40 пайызы бос тұр. Солай дегенмен ел ішінде екі қолға бір күрек іздеген қарашаның да қарасы қалың. Яғни жұмыс та, жұмыскер де бар. Бұған не себеп? Бұл жұмыссыздық па, әлде біліксіздік пе? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Бұл – Жұпаргүл Әбуова. Әлеуметтік желідегі жұрт «Бариста әже» деп таниды. Өнегелі өмірін өндіріс саласына сарп еткен ол бейнеттің зейнетін көрер шақта да еңбектен қол үзіп кете алмапты. Алпастың үшеуін алқымдаса да өзі ашқан дәмханада бариста болып қызмет етіп жүр. Сондай-ақ жасанды интеллектінің игілігін игеріп, кәсібінің жарнамасы үшін сағын мультфильмдер жасап жүрген көрінеді. «Кәсіптің көзін тапқан адамға жұмыс та, мүмкіндік те мол», – дейді ол. Ең бастысы ынта болса болғаны.
Жұпаргүл Әбуова, Астана қаласының тұрғыны:
– Біреу капучино, американо, біреу эспрессо сұрайды. Біреу өзіммен бірге алып кетемін дейді. Соның өзі қызық. Қазіргі кезде мен осы жасымда кішкене ғана ИИ-мен мультфильмдер шығарып жүрмін. 10-15 секундтық. Өзім шығарып, Instagram-ға салып қоямын. Сондай қызық маған, қызықшылық болып жатыр да. «Жұмыс жоқ» деген адамдарға сенбеймін. Мүмкін, олар бір рет көріп, барады да, ұнамайды деп кетуі мүмкін. Әр адам өзі үйреніп, сол тірлікті жақсы көрсе, қызмет жасаса, одан кейін айлығын алады, нанын жейді. Жұмыс деген толып жатыр.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
– Иә, еңбек етемін деген елге екі қолға бір күрек табылады. Оны мыны сандарға қарап байқасақ болатындай. Биыл электронда биржада 9 айда 1 млн-ға жуық бос жұмыс орны жарияланған. Оның басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Сол секілді, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет, өңдеу өнеркәсібі, мемлекеттік басқару секілді секторларда сұраныс сұрапыл.
Сөйте тұра, екі қолға бір күрек таппай сенделген қарашаның да қарасы қалың. Ұлттық статистика бюросының ұсынған мәліметіне мән берсек, бізде 445 мың жұрт жұмыссыз жүр. Яғни бос орын да, қызметті қажет еткен халық та бар. Бұған жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы талап-тілектердің тоғыспауы себеп. Сұранысқа сапа сай емес. Сала сарапшылары осылай дейді. Жалақысы төмен, жүктемесі жоғары жұмысқа жұрттың барғысы жоқ. Ал екінші тарап қызметкерлердің қалауындағы айлықты төлеуге құлықсыз көрінеді.
Ләззат Разбекова, қоғам белсендісі:
– Бізде жұмыссыздық емес, біліксіздік деген мәселе бар. Кез келген колледж ең әуелі өз ісінің майталман, хас шебер, өте мықты маман даярлау үшін барын салу керек. Неғұрлым нарыққа шыққан маман, мейлі ол тырнақ жасаушы болсын, мейлі кез келген басқа маман болсын, өз ісінің майталман шебері болса, міндетті түрде сұранысқа ие болады.
Иә, жұмыссыздық пен қатар біліксіздік те бізде өткір тұр. Кейде қажетті маман елден табылмағаннан соң жұмыс берушілер жат жұрттың күшіне жүгінетін кездер де бар. Мәселен, жыл сайын 300 мың шетелдік елге еңбек етуге келеді. Бұдан бөлек, заман ағымына қарай кей қызмет түрлерінің қажеттілігі азайып барады. Мұндайда жауапты министрлік қайта даярлау курстарын үйлестіріп отырмыз дейді.
Айжан Жапалбаева, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары:
– Курстар жұмыс берушінің тапсырысы бойынша жүзеге асады. Яғни курсты бітіргеннен кейін нақты жұмыс беруші оларды жұмысқа алады. Жыл басынан бері 7 мыңнан аса азамат қамтылған. Бұдан бөлек, Өңірлік жұмыспен қамту карталары ұйымдастырылады. Осы бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру шаралары үшін. Жыл басынан бері 626 мыңнан астам азамат осы жұмыспен қамтылған болатын өңірлік жұмыспен қамту шеңберінде.
Отан отбасыдан басталатыны секілді, мемлекеттік мүмкіншіліктер тұрғындардың тұрмыстық тіршілігінің деңгейіне тікелей байланысты. Яғни әлеуметтің әлеуеті артып, жұмысшының һәм салық төлеушінің қатары көбейсе, сан саладағы инфрақұрылымдар да, халық қолдауы да қарқын алатыны белгілі.
Ләззат Разбекова, қоғам белсендісі:
- Көмек сұраушыдан үнемі белсенді салық төлеушіге айналды делік. Бұл дегеніміз – бюджетке түсетін салмақ азайды. Бұл экономиканың дамуына, жалпы сайып келгенде, халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейінің көтерілуіне алып келеді. Бұл жай ғана бүгін жұмыс жасадым, бір күнім өтсе, таң атса, кеш батса деген сөз емес. Жалпы, жұмыс жасап, салық төлеп жүрген, адал, таза еңбек етіп жүрген әр адам теңізге құйған тамшыдай мемлекеттің дамуына үлес қосып жүреді. Біз осыны үнемі айтып жүруіміз керек. Бізде бас-аяғы 9,8 млн адам еңбек етеді. Бұл – жұмысқа жарамды жұрттың 95,5 пайызы.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Бағдат Қайыркен