Қазақстан Үнді мұхитына шығады

Ішкі экономиканы байытудың амалы экспортты арттыру.

Қазақстан бұл үшін логистикаға ерекше мән беріп отыр. Ешбір мұхитпен тікелей шектеспейтін біздің ел қазір халықаралық сауда дәліздері арқылы үш бірдей мұхитқа шығып отыр. 

Отандық тауарлар АҚШ-қа дейін кемемен тасымалданады. Ол үшін Еуропа елдерінің порттары қолданылса, оған дейінгі жолды жүк пойыздары еңсереді. Алдағы уақытта Үнді мұхитына шығатын жаңа дәліз ашылады. 

Әлемде мұхитқа тікелей шыға алмайтын 40 шақты ел бар. Оның ішінде географиялық аумағы жағынан ең үлкені Қазақстан. Алайда осыған қарамастан біздің ел халықаралық дәліздерді жалғап, тауарын өзге құрлыққа тасымалдап жатыр. Кейінгі кезде құрылысы тіпті үдей түскен теміржол арқылы жүк Қытайдың Ляньюньган портына жетіп, әрі қарай Тынық мұхитына өтеді. Ал Қытай қазақ жері арқылы Каспийге, одан әрі Қара теңізге жете алады.

Мирас Қуантай, ҚР КМ Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары:

- Ляньюньган қаласынан бөлек Қытайдағы Сиань терминалын аштық. Ашық мұхитқа шығып, түрлі-түрлі елдерге тауарларды жеткізеді. Транскаспий дәлізі дамып жатыр. Осының аясында біз Қытайдан шығатын жүктерді өзіміздің аумағымыз арқылы өткізіп, Әзербайжан арқылы Қара теңізге шығып, одан әрі ашық мұхитқа шығып жатырмыз.

Қазақстан 200-ден астам елмен сауда-саттық жасайды. Оның 127-сіне тауар экспорттап жатыр. Былтыр шетелге 82 млрд доллардың өнімі сатылған. Басты бөлігі шикізат. Ал өңделген өнімге енді ғана сұраныс арта бастады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларының үлесі ұлғайып келеді. Елдің басты сауда серіктестері Еуропа, Азия, Таяу Шығыс мемлекеттері болса, кейінгі жылдары мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-пен алыс-беріс жиіледі. Былтыр бұл елмен арадағы тауар айналымы 4,2 млрд долларға жетті.

Нұрлан Құлбатыр, QAZTRADE Сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары

- Оның 2 млрд доллары қазақстандық өнімдер. Әрине АҚШ-қа тауарларды жеткізу үшін мұхит асу керек. Сондықтан ол тауарлар Еуропа болсын, Түркия, Қара теңіздегі порттар болсын, сол жерде қандай тарифтер, баға бар, соны эксперттер барып қарап, саралап, ең арзанын таңдайды. Соңғы жылдары АҚШ-пен алыс-беріс артуына байланысты Орта дәліздің жиі қолданылатынына куә болып отырмыз. 

Тағы бір маңызды бағыт - Солтүстік-Оңтүстік дәлізі. Жол Ресейден басталып, Қазақстан мен Оңтүстік Азияны жалғап, Ирандағы Бендер-Аббас портына апарады. Әрі қарай Үнді мұхиты тұр. Халықаралық көлік дәліздері тағы кеңейеді.  

Мирас Қуантай, ҚР КМ Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары:

- Қазір жаңа дәліз ашу жұмыстары бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр басқа мемлекеттермен бірлесіп. Ол Беларусь мемлекетінен басталып, РФ, Қазақстан және Пәкістанға шығып, Үнді мұхитына шығатын тікелей дәліз ашылып жатыр.

Қазақстан құрлықтың қақ ортасында орналасса да Үнді, Тынық және Атлант мұхиттары арқылы осылай тауар жөнелтіп отыр. Мұндай тәжірибе көршілес елдердің қызығушылығын тудырды. Олар да Транскаспий дәлізін пайдалануға ниетті. Алдағы бес жылда Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеті шамамен екі есе артуға тиіс.

Еркебұлан Смадияров