Ақмола облысына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 250 млрд теңгеге көп. Бұл туралы өңір басшысы Марат Ахметжанов мәлімдеді. Ақмола облысының әкімі аймақта астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталғанын айтты. Жобаны жүзеге асыруға 1,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Оның аясында үш мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына үш миллион тоннаға дейін астық өңдейтін болады.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Ең маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие натрий глутаматы, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Одан бөлек клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын және пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы жоспарланып отыр.
7 мыңнан аса отбасы баспаналы болды
Аймақта жеті мыңнан аса отбасы баспаналы болды. Оның 2 мыңы - әлеуметтік осал топ өкілдері. Өңірде құрылыс компанияларынан «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі қарқынды жүзеге асуда. Соның нәтижесінде биыл 750 пәтер сатып алынған. Сондай-ақ тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерге арналған 11 көпқабатты үй бой көтерген.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Биыл тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерге арналған 11 көпқабатты үй салынды, олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылды. Қосшы қаласында 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Қалған пәтерлер Президенттің дайын тұрғын үйді сатып алу жөніндегі бағдарламасы аясында сатып алынды.