Ақмола облысында жеті жылда 41 мектеп салынды
Ақмола облысында жеті жылда 41 мектеп пайдалануға берілді.
Нәтижесінде 26 мың оқушы жайлы ғимаратта сапалы білім алып жатыр. Қазір өңірде үш ауысымда оқытатын және апатты мектептер мәселесі толық шешілді. Одан бөлек «Келешек мектептері» жобасымен 9 білім ошағы салынып, 13 мыңға жуық оқушы заманауи мектепте оқып жүр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Ақмола облысында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 білім беру нысаны салынды. Оның екеуі облыс орталығында бой көтерді. Барлық мектеп мың жарым оқушыға арналған. Бір ауысымда жұмыс істейді. Түстен кейін оқушылар өздерінің шығармашылығын шыңдап осындай түрлі үйірмелерге қатысады.
Облыс орталығындағы "Келешек мектептері" жобасымен салынған мына білім ошағында 1300-ге жуық бала оқып жүр. Оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Олар күнделікті теориялық білімін тәжірбиемен ұштастыра алады. Ол үшін түрлі зертханалық сыныптар бар. Одан бөлек балалардың тұлғалық дамуына жол ашатын үйірмелер жұмыс істейді.
Манаргүл Тохан, мектеп директоры:
- Келешек мектептерінің негізгі идеясы – әрбір оқушыға мүмкіндік беру. Осы оқушылардың ішінде өзінің шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігі бар. Музыкаға ыңғайы бар, хореграфия жағынан өзін көрсеткісі келетін оқушылар үшін арнайы орындар тағайындалған. Қазіргі уақытта осы жұмыстарды жолға қою үшін мектебіміз де 21 түрлі спорттық секциялар мен үйірмелер жұмыс істеп тұр.
Қазір облыста 518 мектеп жұмыс істейді. Біразы өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Ескі мектептерді кезең-кезеңмен жаңғыртып отырамыз, дейді мамандар.
Арман Оспанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Соңғы жеті жылда өңірде 200-ден астам білім ошағына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, облыс орталығына шалғай орналасқан аудан, ауылдардағы мектептерді қамтуға тырыстық. Нәтижесінде, қазір аймақта апатты жағдайдағы мектеп мәселесі шешілді.
Өңірде жоғары білім алуға да мүмкіндік артты. Өйткені студенттерге әлеуметтік қолдау күшейтіліп, грант саны көбейді. Мәселен, Көкшетаудағы мына университеттегі 9 мың шәкірттің жетпіс пайызы тегін білім алады.
Динара Рыспаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры:
- Соңғы жылдары бізде студенттердің шәкіртақысы екі жарым есеге өсті. Қазір педагогикалық бағытта білім алатындар 84 мың теңге, басқа студенттер 52 мың теңгеден алады. Грант саны да көбейіп келеді. Біз соңғы уақытта сұранысқа ие мамандықтарды даярлауға бет бұрдық. Мәселен, цифрлық агроном, тіс дәрігері, қызмет көрсету менеджлері сияқты қажетті кадрларды оқытамыз.
Жалпы соңғы жеті жылда елімізде 655 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген. Оған бюджеттен 1,5 триллион теңге жұмсалды. Жауаптылардың сөзінше, бұл білікті мамандар даярлап, сұранысқа ие кадр тапшылығын шешуге ықпал етпек.
Авторлары Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко