Қазақстан – Өзбекстан тауар айналымы $3 млрд-тан асты

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының көлемі жыл басынан бері үш миллиард доллардан асты, деп хабарлайды 24KZ. Өткен жылмен салыстырғанда 18% жоғары. Сарапшылардың айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Экспорт-импорт тізбегіне көз жүгіртсек, екі елдің де шикізаттық алыс-берістен жоғары өңделген өнімдерге көшуге тырысып жатқанын байқауға болады. Қазақстан Өзбекстанға бидай мен мұнайды ғана емес, күнбағыс майы, ет, металл өнімдері сынды қайта өңделген өнімдерді де тасымалдайды. Азық-түлік тауарлар үлесінің артуы да Қазақстанның дайын өнімді экспорттаушы ел ретіндегі орнын бекемдейді. Бұған қоса экспорт көлемі шамамен 26% өсіп, екі жарым миллиард долларды құраған. Алайда көрші елден келетін импорт көлемінің өсімі 1%-ке де жетпей тұр. Десе де машина жасау және ауыл шаруашылығы салалары бойынша Өзбекстан маңызды серіктес елге айналып келе жатқанын байқауға болады. Ал Қазақстан оңтүстіктегі көрші елден негізінен автобөлшектерді, тыңайтқыштарды және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін импорттайды.