Қазақстан мен Эстония құны $517 млн тең 11 құжатқа қол қойылды
Апта басында Ақорда елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония президенті Алар Каристі қарсы алды. Мемлекет басшылары жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Екі күн ішінде тараптар бірқатар келісімге қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис экономикалық ықпалдастық жайын талқылап, сауда кедергілерін жоюға келісті. Мәртебелі мейман 40 компаниядан тұратын бизнес-делегация ертіп келді. Бизнес-форум аясында екі ел компаниялары жалпы құны 517 млн доллардан асатын 11 коммерциялық құжатқа қол қойды.
Азамат Байғалиев, саясаттанушы:
- Эстония Қазақстан үшін Балтық теңізі арқылы Скандинавия елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік беретін сауда қақпасы бола алады. Бұл туралы екі елдің мемлекет басшылары жүргізген келіссөздер барысында да айтылды. Швеция, Норвегия, Германия сияқты елдердің бай нарығына жол ашылады. Эстония Қазақстанмен өзара сауда-экономикалық және саяси байланыстарды дамытуға, сондай-ақ басқа да көрші еуропалық елдермен қарым-қатынасты нығайтуға көмектесе алады.
Жалпы Алар Каристің елімізге жасаған мемлекеттік сапарынан кейін «біз эстондарға не ұсына аламыз және Эстония бізге не береді?» деген сұрақ туады. Жыл басынан бері екі елдің тауар айналымы 46 млн долларға жетті. Эстонияға жіберілген экспорт көлемі 20,2 млн доллар. Басым бөлігі қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі.
Азамат Байғалиев, саясаттанушы:
- Экономикалық тұрғыдан қарасақ, соңғы жылдары Эстония Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне қызығушылық білдіріп келеді. Яғни олардың тарапынан жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары деуге әбден болады.
Қазақстанға импортталған тауар сомасы 25,8 млн долларға жетті. Сырттан әкелген өнімдер қатарында азық-түлік пен өнеркәсіпке арналған жабдықтар басым. Елге жеткізілген тауарлардың көлемі бойынша мұздатылған балық көш басында. Оның құны 4,1 млн доллар, бұл жалпы импорттың шамамен 16 пайызын құрайды. Сондай-ақ 3,6 млн долларға газ және сұйықтық сүзгілері мен 3 млн долларға телефон құрылғылары кірген.
Самат Теңбаев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Шалғайдағы елдермен байланысты дамыту бағытына басымдық беру керек. Сол кезде табыс та молая түседі. Эстония тарабы дәнді-дақылдар мен теңіз терминалдары бойынша қызметті ұсынып қана қоймай, қызмет бағасына эстония теміржолының құнын қосуға да келісіп отыр. Басқа теңіз порттарымен салыстырғанда бұл Қазақстан тарабы үшін тартымды ұсыныс болмақ. Яғни бізге белгілі бір жеңілдіктер жасалуы мүмкін. Мәселен, 10-20 пайыз көлемінде.
Жалпы Эстония шетелдік инвестиция тарту және стартаптардың саны бойынша әлемде көш басындағы мемлекет саналады. Цифрлық технологияларды енгізу саласында да көш ілгері. Қазақстан тарабы елордада өткен форумда көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы және білім беру бағыттарына тоқталып, екіжақты бизнестің кеңеюіне жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенін растады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ислам Махамбет