Жұмыссыз қалған азаматтарға он айда ₸107 млрд жәрдемақы төленді
Биылғы 10 айда елде жұмысынан айырылған 270 мың адамға 107 млрд теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалды.
Иә, заңға сай, жұмыссыз қалған азаматтар жалақысының 45%-ы көлемінде 6 айға дейін төлем ала алады. Әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілетін бұл жәрдемақыға нақты кімдер құқылы? Қандай құжат тапсырып, кімге жүгіну керек?
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Азамат түрлі себептен жұмыссыз қалуы мүмкін. Мекеме жабылуы, штат қысқартылуы немесе адам өз қалауымен еңбек келісімшартын бұзуы мүмкін. Бірақ айлықпен күн көретін әркімге табыссыз қалу қауіпті. Жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақы осы кезеңде қиындыққа тап болмаудан құтқаратын мемлекеттік шара, дейді мамандар.
Гүлбағила Болатбекова, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ өкілі:
- Төлемді алу үшін не істеу керек? Бүгінгі таңда цифрландырылған заманда ешқайда барып құжат жинаудың керегі жоқ. Сіз үйде отырып, егов.кз порталы арқылы немесе еңбек.кз министрліктің порталы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелесіз. 3 жұмыс күні ішінде мансап орталығы сізге бос вакансияларды ұсынуы мүмкін. Лайықты жұмыс табылмаса сізді жұмыссыз ретінде тіркейді. Сол күннен бастап төлем алуға құқыңыз пайда болады. Азаматқа сіз жұмыссыз ретінде тіркелдіңіз деген смс келеді. Сол хабарламада төлем алуға мүмкіндігіңіз бар соны растайсызба? дейді. Егер растайтын болса, 1-4 жұмыс күнінің ішінде тағайындалады бұл төлемдер.
Төлем жұмыссыз санатындағылардың барлығына бірдей берілмейді, әрине. Бұрынғы жұмыс беруші әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын 5% міндетті жарна аударып отырған болса, азамат бұл жәрдемақыны алуға құқылы. Кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы шарт. Төлем көлемі де соған сай есептеледі. Айталық, егер азамат 6 айдан 1 жылға дейін жұмыс істесе, жәрдемақы тек 1 айға тағайындалады. 2 жылға дейін жұмыс істесе 2 айға, 3 жылға дейін жұмыс істесе 3 айға беріледі. Ал 5 жылдан көп еңбек өтілі болса, максималды 6 айға төлем төленеді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 5% жарна
Еңбек өтілі / төлем көлемі
6 айдан 1 жылға дейін / 1 ай
1 жылдан 2 жылға дейін / 2 ай
2 жылдан 3 жылға дейін / 3 ай
3 жылдан 4 жылға дейін / 4 ай
4 жылдан 5 жылға дейін / 5 ай
5 жылдан жоғары / 6 ай
Жәрдемақы мөлшері азаматтың кейінгі 2 жылдағы орташа жалақысының 45%-ын құрайды. Жасаған еңбек өтілі де ескеріледі. Мысалы, биыл тағайындалған төлемдердің орташа көрсеткіші 92 мың теңге болған. Қазір елде 448 мың адам жұмыссыз жүр. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6%. Жыл басынан бері өңірлерде 350 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Мұрат Сейтенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Он айдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 422 мың қазақстандық қамтылды. 356 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 190 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Өңірлер бөлінісінде Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Жамбыл облыстарында жұмыссыздық деңгейі жоғары.
Сондай-ақ бүгінде жұмыс берушілер Еңбек.кз электронды порталында 50 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету салаларында кадрға сұраныс жоғары, дейді мамандар. Елде мұғалім, мейірбике, тәрбиеші тапшы.