Мемлекеттен төленетін жәрдемақыны заңсыз алуға ұмтылу масылдыққа әкелуі мүмкін

фото: кадрдан

Мемлекеттен берілетін жәрдемақы мен әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алуға ұмтылу – масылдық мінез-құлықтың көрінісі. Кейбір адамдар табыс табу үшін еңбек еткеннен гөрі, өзгелердің көмегіне сүйенуді жөн көреді. Мұндай әдеттің қалыптасуына не себеп? Адам неге өз мәселесін шешуге жауапкершілік алудан қашады? Бұл туралы психолог Амангүл Игілік 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Маманның пікірінше, масылдық – бір сәттік жалқаулық емес, адамның бойында қалыптасатын мінез-құлық үлгісі. Ол қиындыққа тап болғанда мәселені өз бетінше шешуге тырыспай, өзгелерден көмек күтеді. Осы әрекет қайталана берсе, бірте-бірте әдетке айналады.

Масылдық мінез-құлық адамның өз әрекетіне жауапкершілік ала алмауынан, дәрменсіздік сезімінен немесе ішкі психологиялық кедергілерінен туындауы мүмкін. Адам мәселені өзі шешпей, өзгеден көмек күтеді. Бұл оған күш жұмсамай, қиындықтан шығудың жеңіл жолы болып көрінеді, – деді психолог.

Мұндай мінездің қалыптасуына бала тәрбиесі де әсер етеді. Ата-ана баланың барлық мәселесін өзі шешіп, оған дербестік бермесе, есейгенде де жауапкершілікті өзгелерге артуы мүмкін. Тіпті ересек адамның өзі айналасындағылар оған көмектесуге міндетті деп қабылдай бастайды.

Балаға шамадан тыс қамқорлық жасап, оның орнына барлық шешімді қабылдау, дербестік бермеу кейін жауапкершіліктен қашуға әкелуі мүмкін. Адам есейгенде де өзгелердің көмегін күтіп, «маған міндетті» деген ұстаныммен өмір сүреді, – деді Амангүл Игілік.

Психолог масылдық мінез-құлықтан арылу үшін адамның өз өміріне жауапкершілік алып, дербес шешім қабылдауы маңызды екенін атап өтті. Қиындықтарды өз күшімен еңсеруге тырысу, өз қабілетіне сену және өзгелермен сау қарым-қатынас орнату мінез-құлықты өзгертуге көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыз: