Бизнестің салық есептілігі 30 пайызға қысқарады
Бизнес үшін салық есептілігі 30%-ға қысқарады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимі біріктіріліп, шағын бизнеске арналған бірыңғай режим құрылмақ. Бұл режимдегі шекті жылдық табыс 600 мың айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 2,4 млрд теңге көлемінде белгіленеді. Дегенмен жұмыскерлер санына шектеу қойылмайды. Мемлекет орта бизнесті дамытуға ден қояды.
Ерлан Сағынаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Жылдық табыс 24 мың айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда, еңбекақы қоры сомасына салық салынатын табысты азайту қарастырылған. Бұл шамамен 100 млн теңге. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін жаңа жеңілдетілген режим қарастырылған. Ол бірыңғай ең төменгі төлем 4%. Оның үстіне бұл 4%-ға жеке табыс салығы кірмейді. Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады. Салық төлеуші салық құпиясын ашуға келіскен кезде микро және шағын бизнес үшін декларацияларды автоматты түрде толтыру мүмкіндігі енгізіледі.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап мемлекеттік кіріс комитеті бизнесті тек тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тексереді. Енді жоспарлы тексерістер болмайды. Микро және шағын бизнес үшін 2026 жылға дейінгі кезеңдер үшін салықтық тексерулер мен камералдық бақылау толығымен жойылды. Соңғы жылдары шағын және орта бизнес дамуының оң серпіні байқалады.
Биыл алты айда осындай кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ға жақындаған. Кәсіпкерлік секторы 4,4 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биыл жарты жылда шағын және орта бизнес шығаратын өнім көлемі 25%-ға өсіп, 42,7 трлн теңге болды. Негізгі өсім сауда, өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы саларында байқалады.