Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне 207 млрд теңге инвестиция тартылды
Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне 207 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қуаңшылық пен ағын судың аздығына қарамастан, өңір шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 1,1 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіргені айтылды. Бұл деректер ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиында жария етілді.
Мереке аясында кең көлемді ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Өңір диқандары өндірген 300 тоннадан астам өнім сауда сөресіне шығарылды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін төл мерекесімен құттықтаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды, су ресурстарын басқаруды жетілдіруді арнайы тапсырғанын атап өтті. Облыста биылдың өзінде 59 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Нәтижесінде біздің облыста су үнемдеу технологиясы енгізілген алқаптың көлемі 114 мың гектарға жетіп отыр. Осының есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 34 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл сіздердің бірлесіп атқарған жұмыстарыңыздың оң нәтижесі деп білемін.
Жиында сөз алған мамандар ғаламдық жылыну мен климаттық өзгерістің салдары қазірдің өзінде көптеген елде айқын сезіліп отырғанын айтты. Осы орайда тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты су үнемдеу технологияларының тиімділігі ғылыми да, тәжірибелік тұрғыдан да толық дәлелденген. Технологияны тиімді қолданған шаруашылықтар су шығынын азайтумен қатар, топырақтың құнарымен дақылдардың сапасы жақсарып, жоғары өнімділікке қол жеткізіп отырғанын үлгі етті.
Асанбай Тағаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
- Дәстүрлі технологиямен салыстырғанда тамшылатып суару технологиясы суды 50%, минералды тыңайтқышты 50% үнемдеу арқылы шығынды төмендетіп, өнімділікті арттырады. Қазіргі су тапшылығы жағдайында суды көп тұтынатын өсімдіктер үшін бұл өте қолайлы.
Облыс әкімі бір топ сала мамандарын «Құрмет», «Еңбек даңқы» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Мерекелік кеш соңы эстрада жұлдыздарының ән шашуымен аяқталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш