Елде бидай мен жүгеріні өңдейтін бес жоба іске асырылмақ

Енді астықты терең өңдеуге басымдық беріледі. 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдейтін 5 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның қуаттылығы жылына 4,8 миллион тоннаға жетеді. Ал оған салынатын инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді.

Бұдан бөлек Айдарбек Сапаров тамақ өнімдеріне де тоқталды. Жыл басынан бері оның өндірісі 9% артқан. Енді бұл көрсеткішті жыл соңына дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ министр қайта өңдеу бағытына да тоқталды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қайта өңделген өнімдердің экспорты бойыншада оң динамика байқалады. Ағымдағы жылдың 9 айында экспорт көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдан 32,4% артты. Өсімнің едәуір бөлігін ұн және май өндірісі салалары қамтамасыз етіп отыр. Аталған кезеңде ұн өндірісі 2,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылдан 7% ұлғайды, өсімдік майы 21,7% өсіп, 726 мың тонны құрады. Сүт өндірісі 4,7% өсіп, 550 мың тоннаға жетті, жарма 10%, шұжық өнімдері 7,8% өсті.