Елде қонақүйлерге «жұлдыз» беру тәртібі өзгереді

«Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады». Елдегі қонақүйлердің 3%-і ғана ресми «жұлдыз» санатына ие. «Жұлдызды» қонақжайлардың өзі кейде сападан ақсап жатады. Сөйтіп, меймандардың сынына ұшырайды. Енді құзырлы министрлік қонақүйлерге «жұлдыз» беру тәртібін өзгертуге мүдделі. Тиісті ұсыныстарды Мәжіліс қарап жатыр. Жаңа ережеде нақты неге мән беріледі?

Самсаған жарнамаларға сенсек, елде 3-4-5 жұлдызды қонақүйлер көп сияқты. Бұл, әрине, маркетинг құралы. Дегенмен меймандар әр жұлдызға сай қызмет сапасын күтетінін ұмытпаған жөн.

Қонақүйлерге санат беру тәртібі өзгереді

Халықаралық Statista агенттігі: «2030 жылға қарай еліміздегі қонақүй бизнесінің нарығы 775 млн доллар болады», – дейді. Ал меймандар саны 5 млн-нан асу керек. Мәселен, биыл нарықтағы түсім 583 млн долларға жеткен. Расында, туристердің саны жылдан-жылға артып жатыр. Оларға қазір 4,5 мыңға жуық орналастыру орны қызмет көрсетеді. Алайда барлығы дерлік «жұлдыз» санатын алмаған. Жұлдызды қонақүйлердің көбі шетелдік франшиза саналады. Мұның өзі жергілікті орналастыру орындарының бәсекеге қабілетін арттыруға сеп. Елдегі қонақүйлердің мүмкіндігі «Сапа белгісі» мемлекеттік бағдарламасы аясында анықталады. Бағдарлама талаптарынан шыққан мейманханалардың дені Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан, Шымкент қалалары мен Бурабайда шоғырланған.

Елде 115 «жұлдызды» қонақ үй бар

Қазір елдегі қонақүйлердің 115-і, яғни 3%-і ғана ресми «жұлдыз» санатына ие. Жалпы бұл мәртебені алу ерікті түрде жүреді. Алайда енді «жұлдыз» беру тәртібі өзгереді. Өйткені 2008 жылы бекітілген ережеде аппеляция механизмі жоқ, сондай-ақ бағалау рәсімдері жүйелі түрде қайта қаралмайды. Тіпті жұлдызды қонақүйлердің кейбірі тиісті санатты өздігінен иеленіп жүр. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін құзырлы министрлік тәртіпті халықаралық стандартқа бейімдеуге кірісті. Жаңа жүйе қызмет сапасын арттырып, бағалау рәсімдерінің ашықтығын қамтиды және қонақүй индустриясын бәсекеге қабілетті етуі керек. Ұсыныс қабылданса, «жұлдыз» беру міндетін Kazakh Tourism ұлттық компаниясы атқарады.

Маржан Трайыспаева, «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ департамент директоры:

- Жұлдыз санатын алу ерікті түрде жүргізіледі. Оны алу үшін қонақүй арнайы аккредитациядан өткен компанияларға жүгініп, оларға өтінім беру керек. Одан кейін ол жерден сарапшылар келіп, сервистің бәрін бағалап, «жұлдыздың» берілу-берілмеуі туралы шешім шығарады. Осындай жүйе қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ кейбір талаптары ескіріп, халықаралық тәжірибеге онша сәйкес келмейді. Сол үшін Азия даму банкімен бірігіп, олардың көмегімен біз жаңа жүйені енгізу бойынша ұсыныстар дайындадық.

Шетелдік саяхат қымбаттады

Қысқы демалыс уақыты жақындаған сайын азаматтардың «қайда барамын?» деген уайымы көбейе түсері заңды. Бағыт көп. Шығын да қомақты болмақ. Мәселен, былтыр отандастарымыз шет елдерде демалу үшін 958 млрд теңге жұмсаған. Бұл алдыңғы жылдан 10% артық. Әрине, сапарға жоспарлаған бюджеттің басым бөлігі әуе билеттеріне жұмсалады. Оның құны таңдаған бағыт пен маусымға қарай 50%-ке дейін өсуі мүмкін. Тұратын қонақүй не хостел ақысы тағы бар. Жол мен тамақ шығындарын алдын ала дөп есептеу мүмкін емес. Туристік пакет құны да құбылып отырады. Сондықтан көпшілік жедел турлардан, акциялардан құр қалмауға тырысады. Оның ақысы әдетте 20-40% арзандау болады. Қазір әрбір қазақстандық шетелдік сапарға шамамен 300-500 мың теңге шығындайды. Ал ең танымал бағыттар Вьетнам, Түркия, Мысыр, БАӘ және Таиланд. Ең бастысы туристер «туристік код» алуды ұмытпасын.

Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры:

- Барлық турагенттіктер заңнама бойынша жұмысты атқарып жатқан туркодты міндетті түрде береді. Бұл біздің туроператорлардың қазақстандық туристерге дұрыс және қауіпсіз демалуға беретін кепілдігі.

Туристер елге қыруар қаржы әкеледі

Әр турист барған елінің экономикасына үлес қосатынын білу керек. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, елге келетін шетелдік меймандар ақшасының үштен бірін ұлттық дәм ұсынатын мейрамханаларға жұмсайды. Шығынның тағы бір қомақты бөлігін қонақүй қызметі қамтиды. Бұдан бөлек шетелден келетін қонақтарды кәдесыйлар және ұлттық бұйымдар қызықтырады. Жалпы шығынның 10%-тен астамын әуе тасымалы алады. Елге әкелген қаражаттың 4% көлік жалдап, көрікті жерлерді аралауға кетеді. Мәдени, спорттық іс-шараларға қатысып, ақша шығындайтындар бар. Туристердің арасында зергерлік әшекейлер, өнер туындылары және антиквариат тәрізді құнды бұйымдарды сатып алатындар табылады. «Яғни шетелдік туристер туризм индустриясындағы шағын және орта бизнестің, сондай-ақ қызмет көрсету салаларының дамуына септігін тигізіп жүр», – дейді мамандар.

Елде жаңа қонақүйлер бой көтереді

Сөз басын жұлдызды қонақүйлерден бастадық. Алдағы уақытта елде 3-4 жұлдызды қонақүй франшизалары көбейеді. Бұл саланы дамытуға мемлекет басшысы көңіл бөліп отыр. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы халықаралық қонақүйлер желілерімен келісім жасалғанын жеткізді. Сәтін салса, 20 шақты зәулім қонақжай пайда болады. Сондай-ақ «Даму» қорының қолдауымен өңірлерде шағын қонақүйлер бой көтереді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы