Ел экономикасы 6,4 пайызға өсті
Биыл ел экономикасы 6,4%-ға өскен. Осы жылдың 11 айындағы көрсеткіш туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Сан саладағы ең жоғары өсім көлік қызметтері, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібінде тіркелген.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Үкімет отырысында бірінші болып баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің сөзінше, биыл ел экономикасы тұрақты өсу қарқынын көрсеткен. Нақты сектордағы өсім – 8.3 пайыз, қызмет көрсету өндірісі – 5.3 пайызға жетіпті. Сан саладағы жеткен жетістікті жіпке тізген Жұманғарин кеткен кем-кетікке де тоқталды. Мәселен, инвестициясы өскен өңір ретінде Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбенің аты аталды. Ал Атырау мен Қарағанды облысында керісінше. Көрсеткіш төмендеген. Сыртқы саудадағы сандарды сөйлетсек, 11 айдағы айналым 116 млрд доллар. Экспорт азайып, импорт артқан. Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша көш басын автокөлік құрастыру секторы бастап тұр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
- Көлік жасау өндірісінің 11,6%. Оның ішінде автомобиль жасау 15,2% және электр жабдықтарын жасау 16,7%-ке өсуі есебінен қамтамасыз етілді.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Биыл барлық бағыттың алды болғандардың бірі Ауыл шаруашылығы екені сөзсіз. Орақ маусымы сәтті аяқталып, тіпті рекордтық көрсеткіш тіркелді. 27 млн тонна астық қамбаға құйылған. Күн райының қолайлы болғаны бір, жер емген жұрттың ризығы екі. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі өсім 6.1 проценттң көрсетті. Сондай-ақ осы секілді ресми сандарға сүйенсек, қараша айының қорытындысы бойынша инфляция төмендеп, 12% деңгейінде тұрақтапты. Ал өсуіне көбіне азық-түлік бағасының аспандауы себеп.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Олардың жылдық өсімі 13,4% болды. Бұл жекелеген азық-түлік түрлерінің әлемдік бағасының өсуінің және ішкі өндірістегі шығындардың ұлғаюуымен байланысты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы қарашада 11,2% деңгейінде қалыптасты.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Дегенмен инфляцияның төмендегенін айтып, сүйіншілеуге әлі ерте. Себебі Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарынтарындағы ахуал мәз емес. Инфляция өскен. Дәл осы аймақтардағы ағайын азық-түлікті бағасының қымбаттағанын басқа өңірлерге қарағанда қатты сезіп отыр. Олжас Бектенов баға бағамын тұрақтандыру бойынша облыс әкімдері мен Сауда министріне тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырамын + Сондай-ақ азық-түлік инфляциясының өсуіне ет және ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, елде сауда мен құрылыс және көлік қызметтерінде өсім біршама баяулап тұр. Әсіресе Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны төмен. Үкімет басшысы жауапты ведомстволарға шара қабылдап, экономиканың өсу қарқынын сақтап қалуды тапсырды.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Жандос Битабаров