Отандық мұнайды экспорттаудың әлеуеті артты

«ҚазТрансОйл» отандық мұнайды «Транснефть» компаниясымен бірлесе тасымалдау туралы шартқа қол қойды.

Бұған сәйкес, келер жылдан бастап Қазақстан мұнайы сыртқы нарықтарға Қара және Балтық теңіздеріндегі теңіз порттары, сондай-ақ «Дружба» мұнай құбыры арқылы Еуропа мемлекеттеріне жеткізіледі.

Кеше «ҚазТрансОйл» мен «Транснефть» делегациялары Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдау жөніндегі транзиттік келісімді 2026 жылға дейін ұзартты. Бұл жыл сайын жасалатын дәстүрлі рәсім болғанымен елімізді әлемдік нарықпен байланыстыратын энергетикалық бағытты бекітудің маңызды тетігі.

Исламдаут Акубаев, "Қазтрансойл" АҚ тасымалдау бойынша директоры:

- Бұл келісім қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа экспорттауға үлкен мүмкіндік береді. Қазақстандық мұнайды «Транснефть» құбыр жүйесі арқылы Новороссийск, Усть-Луга порттарына жеткіземіз және Дружба мұнай құбырлары арқылы Адама застава пунктіне дейін мұнайды тасымалдаймыз. Одан әрі Германияның мұнай өңдеу зауытына мүмкіндік аламыз.

Сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан еліміздің маңызды стратегиялық нысаны - Павлодар мұнай-химия зауытына да қара алтын тасымалы жүзеге аспақ.

Сергей Андронов, «Транснефть» ААҚ вице-президенті:

- Бұл ауқымды бірлескен жұмыс. Себебі өзара іс-қимыл барысында әр түрлі жағдайлар туындайды, оларды икемді әрі жедел түрде шешу қажет. Ал ондаған жылдар бойы қалыптасқан келісімшарттық негіз бен бірлескен жұмыс жүйесі мұндай мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы орайда “ҚазТрансОйл” басшылығына Қазақстан мен Ресей арасында жемісті әрі нәтижелі ынтымақтастық қарым-қатынасын орнатқаны үшін алғыс айтқым келеді.

«ҚазТрансОйл» ішкі және сыртқы нарықты қара алтын тасымалымен қамтамасыз етіп келе жатқан еліміздің ұлттық операторы. Компания энергетикалық қауіпсіздік және экспорттық міндеттемелер бойынша мемлекеттік тапсырмаларды орындап, тиімді халықаралық келісімдерге қол жеткізіп келеді.

Назым Кенжебай