Еліміз инвестиция тарту бойынша ілгері келеді

Биыл Қазақстан ұзақмерзімді капитал үшін сенімді әрі тұрақты нарық мәртебесін сақтап қалды. «Mickys Institute of Global Research and Development» талдау орталығының мамандары осылай дейді. Олардың айтуынша, Орталық Азияға бағытталатын шетелдік инвестициялардың шамамен 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Ұлттық банк дерегінше, еліміз жыл сайын 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартады. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделі мен белсенділігінің жемісі дейді, сарапшылар. Сонымен қатар, шетелдік мамандар Қазақстанның тұрақтылығын президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұсында басталған институционалдық реформалармен байланыстырады.

Әлібек Тәжібаев, «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры:

- Екіжақты жұмыс сапарларының артуы басты көрсеткіш саналады. Мемлекет басшысы бастаған қазақстандық делегациялардың Оңтүстік-Шығыс Азиямен, парсы шығанағымен, араб және Африка елдерімен тығыз байланыс орнатуы үлкен мәнге ие. Өйткені дипломатия кез келген мәселені шешуге маңызды рөл атқарады. Көпвекторлы қарым-қатынас әр тарапқа тиімді шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Еліміздің инвестициялық тартымдылығы - макроэкономикалық тұрақтылықтың жемісі. Осы тұста Астана халықаралық қаржы орталығының маңызы зор. Шетелдік компаниялармен ағылшын құқығы бойынша байланыс орнатуға арналған бұл тетіктің жеке тәуелсіз сот жүйесі бар. 2018 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы тартылған инвестициялар көлемі шамамен 19 млрд доллар болды.   

Әлібек Тәжібаев, «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры:

- Қазақстан инвесторлар үшін қауіпсіз ел. Сондай-ақ бұл мәртебені ұзақ жылдар бойы сақтап келеді. Егемендік алғалы бері Қазақстан инфрақұрылымды дамытып, заңгерлік құқықтық жүйені жетілдірумен келеді. Біз үшін Қазақстанның инвестициялық тұрақтылығы аса маңызды. Осылай жалғаса берсе, саяси өсім де болады.  

Инвестициялық тартымдылықты сақтаудың тағы бір басты факторы - цифрлық экожүйе. БҰҰ дерегінше, Қазақстан электрондық үкіметтің даму индексі бойынша 193 елдің ішінде 24 орынға жайғасқан. Ал онлайн-қызмет көрсету сапасы бойынша алғашқы 10 елдің қатарында. Бұл қағазбастылық сияқты кедергілердің алдын алады. Осының барлығы елімізді Еуразия аймағында инвестициялық орталық болуға жетелейді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Райхан Серікова, Әнуар Әбдірахманов