Депозит пе, әлде акция ма: қай инвестиция көбірек табыс әкеледі

Қазақстандықтар ақшасын депозитте сақтаумен қатар, қор нарығына да инвестиция сала алады. Мұнда мемлекеттік облигациялар мен компаниялардың акцияларын сатып алуға мүмкіндік бар. Алайда олардың табысы мен тәуекелі әртүрлі. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтты.

Сарапшының сөзінше, депозит пен облигация қаражатты сақтауға және тұрақты сыйақы алуға мүмкіндік беретін құралдар. Ал акция сатып алған инвестор компанияның ортақ иесіне айналады. Оның табысы акция бағасының өсуіне байланысты болғанымен, қаражатын жоғалту қаупі де бар.

Егер ақшаны көбірек көбейткіңіз келсе, тәуекелге баруға дайын болсаңыз, акцияларға инвестиция салуға болады. Акциялардан депозит пен облигацияға қарағанда көбірек табыс табуыңыз мүмкін. Бірақ дәл сондай есеппен ақшаңызды жоғалтуыңыз да мүмкін, - деді Айбар Олжаев.

Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегінше, 2026 жылғы қазанда акциялар саудасындағы жеке тұлғалардың үлесі 47,1%-ды құраған. Ал акциялар нарығының капиталдандыру көлемі 48 трлн теңгеге жетіп, айлық сауда-саттық көлемі 45,5 млрд теңге болған.

Қор нарығындағы тағы бір құрал – мемлекеттік облигациялар. Оларды сатып алған азамат мемлекетке белгілі бір мерзімге қарыз береді. Мемлекет бұл қаражатты бюджет тапшылығын жабуға және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалана алады.

Жеке тұлғалар да брокер арқылы мемлекеттік облигацияларды сатып ала алады. Ол үшін брокерге өтінім беріп, сатып алғысы келетін бағалы қағаздың көлемін көрсету керек, - деді қаржы сарапшысы.

KASE мәліметінше, 2026 жылғы қазанда биржадағы айналыстағы мемлекеттік борыш көлемі 36,6 трлн теңгені құраған. Ал мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалған сауда-саттық көлемі 678,2 млрд теңгеге жеткен.

Осылайша, қор нарығында инвестициялаудың бірнеше жолы бар. Акция сатып алу компанияның дамуына үлес қосуға мүмкіндік берсе, облигация арқылы мемлекетке немесе компанияға қарыз беруге болады. Дегенмен инвестиция салмас бұрын бағалы қағаздардың шарттарын, табыстылығын және ықтимал тәуекелдерін ескерген жөн.

Сондай-ақ оқыңыз: