Қазақстан–Қытай қатынасының жаңа белесі
2025 жылы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты. Қос ел арасындағы стратегиялық әріптестік нығайып, ынтымақтастық артты.
Бірнеше салада рекорд тіркелді. Кейбір бағыт бойынша былтырғы бір жылдық жетістік биыл 10 айдың ішінде орындалды. Қазақ-қытай бірлігі жайында осы елдегі Төтенше және өкілетті елші біздің телеарнаға эксклюзивті сұхбат берді.
Сөз жоқ, жылан жылы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін табысты болды. Екі ел арасында әртүрлі деңгейдегі 600-ден астам іс-шара өтті. Барлығы қазақ-қытай қарым-қатынасын дамытуға бағытталған. Мемлекет басшылары деңгейінде екі рет сапар жасалды. Осының арқасында өзара саяси сенім беки түсті. Құны 56 млрд доллар болатын 172 коммерциялық келісімшарт жасалды.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мемлекет басшылары деңгейіндегі осындай кездесулердің жиілігі бұл екі мемлекеттің қазіргі кездегі саяси тұрғыдан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың көрсеткіші. Екінші жағынан осы асяи диалогтың биік деңгейде қалыптасқанының белгісі.
Жалпы 2025 жылы Қытайға жасалған сапар тізімі мынадай. Президент бір рет келіп кетті. Сенат, Жоғары және Конституциялық сот төрағалары бір-бір мәртеден сапарлады. Премьер-министрдің орынбасарлары 5 рет. Министрлер 15, ал вице-министрлер 28 рет Қытайда болып келіссөз жүргізді. Облыс және мегаполистердің әкімдері мен орындасарлары 36 рет келіп кеткен.
Сондай-ақ ұлттық компания басшылары 13 рет сапар жасады. Әр сапар сайын экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар нақты нәтижелермен толықты. Облыстар Қытай провинцияларымен тікелей байланыс орнатты.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Биыл өңіраралық ынтымақтастық өте қарқынды болды. Бұл сауда айналымының өсуіне әсер етті. Ол бір. Екіншіден, инвестициялық саладағы қол жеткізілген уағдаластықтар. Қол қойылған құжаттар санының өсуі. Біздің облыстар мен Қытайдың өлкелері арасындағы бауырластық қарым-қатынас орнату жөніндегі меморандумдар мен келісімдердің көбеюіне әсер етті.
Екі ел арасындағы сауда айналымы 11 айдың өзінде 43,8 млрд долларға жетіп 2024 жылдағы көрсеткішпен теңесті. Жаңа рекордтың ауылы алыс емес. Көлік-логистика дами түсті. Жүк тасымалы 32,5 млн тоннаға жетіп тұр.
Әуе рейстері 86-ға дейін артып рекорд тіркелді. Қазір жолаушылар тасымалы 16 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. 11 айда Қытайдан тартылған инвестиция көлемі 2,27 млрд доллардан асты. Биылғы көрсеткіштерді Қытайдың тәжірибелі сарапшылары мен саясаткерлері күтпеген жағдай деп бағалады.
Яо Пэйшен, Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен Қазақстанда 2000 жылдары елші болдым. Қазір сол уақытты жиі еске алып, талдау жасап отырамын. Ол кезеңдегі қазақ-қытай қарым-қатынасы қазір жер мен көктей. 25 жыл бұрын сауда айналымы небәрі 10 млрд доллардың төңірегінде болды. Шағын және орта бизнес өкілдері саусақпен санарлық еді. Ал қазір 7 мыңнан астам бірлескен компания жұмыс істейді. Бұл ондаған тіпті жүз есеге көп. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында дамудың жаңа кезеңі жүріп жатыр.
Қытай деректеріне сәйкес биыл 9 айда Қазақстандағы көрші елдің инвестиция көлемі 39 пайызға өскен. Бүгінде 96,5 млрд доллар болатын 238 инвестжоба жүзеге асырылып жатыр. Енді 2026 жылы осы бағыттағы жұмыс сапасына ерекше мән беріледі. Сондай-ақ екі елдің қарапайым халық арасындағы байланысты нығайтуға күш салынады. Елші Шахрат Нұрышев оның басты себебін атады.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Шындығын айту керек, біздің азаматтар Қытайды көп түсіне бермейді. Көп біле бермейді. Қытай азамттары да Қазақстан туралы көп ақпарат білмейді. Сондықтан өзара түсіністікті нығайту үшін біраз еңбектенуіміз қажет. Бізге осы мемлекеттің даму қарқынын біздің экономиканың қажеттілігіне сәйкестендіру қажет.
Айта кету керек, биыл барыс-келіс артты. Оған визасыз режим тікелей әсер етті. Шекара қызметінің мәліметіне сәйкес биыл 10 айда Қазақстанның 840 мыңнан астам азаматы Қытайға келіп кетсе, бұл жақтан 870 мың қытайлық біздің елге барып қайтқан.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын