Тұрақтандыру қорлары көкөніс сата бастады
Бағаға бақылау қажет.
Бұл үшін алдымен өнім жеткілікті болуы шарт. Тұрақтандыру қорлары қоймадағы көкөністі сөреге шығара бастады. Өйткені көктемде қысқы азық азайып, бағаға әсер етуі мүмкін.
Бір айта кетерлігі, елде жылыжай шаруашылығы көбейген. Олардың көбі көкөніс өсіреді. Мұндай агро-құрылымдардың артуы импортқа тәуелділікті едәуір азайтатыны белгілі.
Елдегі тұрақтандыру қорлары көкөністерді сатылымға шығара бастады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, нарықта әлеуметтік маңызға ие тауарлардың ішінде балық, қарақұмық, қатты ірімшік, жұмыртқа, сүт, тауық еті және нан бағасы тұрақты. Ал көкөніс пен жеміс-жидек маусымаралық кезеңге байланысты сәл қымбаттағаны байқалады. ( ГРАФИКА ) Сондықтан ақпан айы басталғалы бері сауда орындарына қордан 57 мың тоннадан астам өнім жеткізілген. Ай соңына дейін тағы 80 мың тонна картоп, 11 мың тонна пияз, 27 мың тонна сәбіз және 19 мың тонна қырыққабат шығарып, бағаны тұрақтандыру көзделіп отыр. Аймақтық арнайы комиссиялар сауда үстемесін қолдану тәртібіне қатысты 128 заңбұзушылықты анықтаған. Кәсіпкерлерге 4 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ
САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛДЫ - 57 МЫҢ Т КӨКӨНІС
САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛАДЫ - 80 МЫҢ Т КАРТОП, 11 МЫҢ Т ПИЯЗ, 27 МЫҢ Т СӘБІЗ, 19 МЫҢ Т ҚЫРЫҚҚАБАТ
ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ - 128
АЙЫППҰЛ - ₸3,7 МЛН
Қуандық Ахметов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы
- Жеміс-көкөніс бойынша 19 мың тоннадан астам өнімге фермерлермен арада келісімшарт жасалды. Оның ішінде 11 700 тонна картоп, 1 800 тонна пияз және 2 600 тонна сәбіз бар. Бұл қор көктемге дейін жеткілікті.
Қазақстанда жылыжайлар саны 2300-ден асты. Былтырғыға қарағанда 10 пайызға көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі осындай. Мұндай шаруашылықтардың жылдан жылға артуы мемлекеттік қолдау шараларымен тікелей байланысты. Бағбандар үшін жеңілдетілген несие және субсидия қарастырылған. Жылыжайлардың басым бөлігінде көкөніс өсіріледі. Тағы 2 пайызы гүл өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге тиесілі. Ал қалғаны саңырауқұлақ және басқа да өнімдерге арналған. Былтыр бағбандар жылыжайдан 170 мың тоннаға жуық өнім жинады. Солардың негізгі үлесі Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының еншісінде.
Ерлан Орынбаев, жылыжай бригадирі
- 30 пайыздай мемлекеттен несие алдық. Электр жарығы, жол, тағы сол секілді коммунакациялық жүйелерді келтіріп берді мемлекет тарапынан.
Шетелдік инвестор жылыжай кешенін салады
Елдің оңтүстігінде шетелдік инвестор ірі жылыжай кешенін салады. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен польшалық компания инвестициялық жоба бойынша келісім жасады. Соның негізінде Шымкентте жылына 38 мың тонна қызанақ өсірілетін жылыжай бой көтереді. Бұл бастамаға шамамен 69 млрд теңге инвестиция тартылғалы отыр. Жаңа кешенде заманауи агротехнология қолданылады. Яғни, өндірістік процестерді басқарудың тұрақты дамуы жөніндегі халықаралық стандарттарға сай жүйелер енгізіледі. Сонымен қатар шетелдік компания алдағы бес жыл ішінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне шамамен 137 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
ЦИТАТА: Ауыл шаруашылығы министрлігі
- Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселелеріне, оның ішінде аграрлық секторға ерекше назар аударып келеді. Аталған жобаның іске асырылуы импортты алмастыруға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етеді. Министрлік жобаны іске асырудың барлық кезеңіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Көкөністер әлеуметтік тауарлар тізіміне енді
Биылдан бастап әлеуметтік азық-түлік тізімінде көкөніс түрлері көбейді. Бұрын олардың қатарында пияз бен сәбіз болса, енді қияр мен қызанақ қосылды. Мұндай тауар түрлерін өндірушілерге жеңілдік қарастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары кезінде басымдыққа ие болады.