Президент инвестиция тартудағы мәселелерді атап өтті
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін офтейк-келісім-шарттар жасаудың бірыңғай ережесі қажет.
Осылай деген мемлекет басшысы министрлер кабинеті мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешуді тапсырды. Жалпы, инвесторлармен жұмыс істеуде қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген. Мемлекет басшысы тиімсіз жұмысты доғару қажеттігін атап өтті. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек. Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс, деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялар мәселесімен арнайы көмекші Мұрат Нұртілеу айналысатынын, ал халықаралық қаржы институттарымен байланыста стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев болатынын жеткізді.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісім-шарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр. Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын.