Диқандардың табысы артты

Елде болат жолдың пайдасын астық экспортынан анық көруге болады.

Ертеректе қырманға жеткені жетіп, жетпегені қар астында қалып қоятын бидайды қазір диқандар бір дәнін шашау шығармай жинап алады.  Өйткені өз ішіміздегі қоймаларға толтырып, артылғанын шетелге шығаруға мүмкіндік жеткілікті. Қазақтың астығы әлемнің 45 еліне экспортталады. Былтыр астық экспорты 33%-ға артты. Осылайша, сыртқы нарыққа 11 млн тонна дақыл жеткіздік. Астықты өндіру ғана емес терең өңдеу де басты назарда. 2036 жылға қарай өнім өндіру және жеткізу бойынша жетекші он елдің қатарына ену міндеті тұр.  

Былтыр диқандар жарты млрд доллардан астам қосымша табыс тапты. Бұған астық экспортының 8,26 млн тоннадан 11 млн тоннаға дейін өсуі себеп. Мамандар көлік шығындарын субсидиялау саланың өркендеуіне айтарлықтай әсер еткенін айтады. Импорттаушы елдер көбейді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта астық сатып алу бағасын өсірген. «Астық Транс» компаниясы  3-санатты бидай құны 95 мың теңгеге жеткенін мәлімдеді. Кейінгі уақытта отандық астық үшін бәсекелестік күшейді. Трейдерлер «Тіпті дәстүрлі сатып алушылар да сатып алу бағасын көтеруге мәжбүр болды» дейді.

«Астық транс» компаниясының баспасөз қызметі:

- Салалық талдаудың деректері бойынша 3-санатты бидайдың бағасы тоннасына 188 долларға жетті. Бұл алдыңғы орташа сатып алу деңгейінен 40-50%-ға жоғары. Экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюі тікелей мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмаған өңірлерді қоса алғанда, бүкіл ел бойынша астықтың ішкі құнының өсуін қамтамасыз етті.

Отандық астыққа сұраныс көп

Биыл да көрсеткіш осал болмайды. Мамандар аграрлық маусымда 12 млн тонна бидай мен ұн экспорттауды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қыркүйек пен қаңтар аралығында теміржол арқылы 5,1 млн тоннаға жуық астық экспортталды. Өнімнің 1 млн тоннадан астамы алыс нарықтарға кетті. Ал негізгі импорттаушылар әдеттегідей Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай елдері. Енді жіктеп көрейін. Мысалы, Өзбекстанға 2 млн тоннадан аса, Тәжікстанға 700 мың, ал аспан асты еліне 474 мың тоннадан артық дақыл жөнелттік. Ақтау және Құрық порттары арқылы да тасымал тоқтаған жоқ. Көлік шығындары мемлекет тарапынан өтелгелі бері, Ресей портынан да, жоғарыда сөз еткен, алыс нарықтарға астық жібере бастадық. Құзырлы министрлік бидай және өзге дақылдар экспортының артуы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті жоғары екенін, сонымен қатар отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді дейді.

Астық экспорты:

2025-2026 аграрлық маусымында

Өзбекстан – 2,704 млн тонна

Тәжікстан – 706 мың тонна

Қытай  –  474 мың тонна

Ауғанстан –  416 мың тонна

Иран – 343 мың тонна

Қырғызстан – 169 мың тонна

Әзербайжан –  161 мың тонна

Түрікменстан –  17 мың тонна

Қытайға зығыр шығарыла бастады

Қытай біздің зығырды да қалап алатын болған. Таяуда Қазақстаннан теміржол арқылы Қытай – Орталық Азия бағытындағы шекарааралық жүк тасымалы аясында 1 767 тонна зығыр тұқымы жеткізілді. Шикізат осы аумақта қайта өңделеді. Өндірілген зығыр майы сол елдің ішкі нарығында сатылады. Мамандар Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы теміржол жүк тасымалы бағыттарының іске қосылуы  жүк жеткізу мерзімін қысқартуға, шығындарды төмендетіп, кәсіпорындарға шикізат жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтады.

Аcтық өнімдерін терең өңдеуге көңіл бөлінеді

Биыл елімізде де осындай ірі инвестициялық жоба қолға алынады. «Қазақ инвест» ұлттық компаниясы Қазақстан — Қытай шекарасында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі өнеркәсіптік хаб пайда болатынын хабарлады.

Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» басқарма төрағасы:

- Бұл ірі жобаның құны 1 млрд долларға жуықтайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, Қытай нарығына экспорттаймыз. Қазір белді халықаралық компаниялармен келісіа жасалып жатыр. Агро өнеркәсіптік индустриалдық хаб құрылысы күн жылынғанда басталады.

2028 жылға қарай 4,8 млн тонна астық өңдеуге әлеуетті 5 ірі жоба қолға алынады. Оның жалпы құны 2,6 млрд доллар. Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Астанада бой көтеретін зауыттар нарықтан 2 жарым млн тонна астық сатып алады делінген. Ауыл шаруашылығы министрі мұның шаруаларға қолдау болатынын айтады. Қосылған құны жоғары дайын өнімдер АҚШ, Еуропа елдері, Қытай, Үндістан, ТМД, Таяу Шығыс пен Африкаға экспортқа шығарылады.