Алматы облысында 2 млн тоннадан астам өнім жиналды

Алматы облысының диқандары биыл 2 миллион тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін жинады. Қазір өңірдегі егін орағы 99 пайызға аяқталды. Алматы облысында биыл жүгері, арпа және бидайдың түсімі артты. Бидай өнімі 90 мың тоннадан асқан, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың тоннаға көп. Жиналған астықтың бір бөлігі өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі.

Нұрлан Төлеев, Asia Agro Food диірменінің басшысы:

–100% автоматтандырылған. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда адамның қатысуынсыз жұмыс жүргізіледі. Бір ауысымда небәрі үш адам жұмыс істейді. Олар қуаттылығы 400 тонналық диірменнің бүкіл процесі мен жұмыс циклін қадағалап, басқарады. 400 тонна бидайдан шамамен 325 тонна ұн өндіреміз. Одан бөлек, мал азығына арналған 175 тонна кебек алынады.

Облыс диқандары 440 мың гектарға жуық алқапқа егін екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың гектарға артық. Өнім көлемін арттыруға су үнемдеу технологияларын енгізу, егістікті уақтылы күтіп-баптау және мемлекеттік қолдау шаралары оң ықпал етіп отыр.

Ерлан Быдышев, Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Мемлекеттік қолдау селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге, асыл тұқымды мал сатып алуға, ет пен сүт өндірісін қолдауға, мал шаруашылығы нысандарын салуға, жеңілдетілген несие беруге, техника сатып алуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңартуға бағытталды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі жыл ішінде 1 361 қарыз алушы жалпы сомасы 10,8 млрд теңге несие алды.

Жиналған өнімнің бір бөлігі ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалғаны шетелге экспортталады. Сыртқы нарыққа жүгері, ұн, макарон өнімдері мен өсімдік майы шығарылады. Өңірдің негізгі сауда серіктестері – Қытай мен Орталық Азия елдері. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы облысының жалпы экспорт көлемі 811 миллион долларға жетті.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай

 

Сондай-ақ оқыңыз: