Транзиттік тасымал 55 млн тоннаға жетеді

Былтыр елдегі көлік саласы 17,8 пайызға өсті.

Бұл жайында кеңейтілген кеңесте үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты. Көрсеткіш жақсы. Дегенмен, босансуға болмайды. Мемлекет басшысы Қазақстанды логистикалық хабқа айналдыруды, тасымал ісін ілгерлетуді тапсырған еді. Ол үшін тозған инфрақұрылымды жаңғыртып, өткізу бекеттерінің әлеуетін арттыру керек. Президент пәрмені қалай орындалып жатыр? 

Былтыр транзиттік тасымалдың көлемі 36,9 млн тоннаға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артық. Ал биыл билік бұл көрсеткішті 65 пайызға көбейтіп, 55 млн тонна жүк жеткізуді жоспарлап отыр.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк және заманауи 191 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланыа отыр. Сонымен қатар Халықаралық көлік дәліздері де Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік - Оңтүстік бағыты беленді дамуда. Транскаспий бағытының өткізу мүмкіндігін арттыру үшін порттар инфрақұрылымын жаңғырту жобалары іске асырылуда. Сауда флоты 4 пароммен толықтырылады.

Осы мақсатта тозған инфрақұрылымды жаңғырту да маңызды. Айталық, жыл соңына дейін ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысын және 2,9 мың шақырым жолды жаңарту жоспарланып отыр. Меже орындалса жүк көлемі көбейіп, жеткізу уақыты қысқарады. Мәселен,  Қытай шекарасынан Каспийге дейін тасымалдау 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады. Сондай-ақ, 11 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жұмыстары жүзеге асады. Әуе тасымалының әлеуетін арттыру да қолға алынады.

ЦИТАТА: Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі

Биыл Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысын бастаймыз. Оны іске қосу 20 жыл бойы жөндеу көрмеген бірінші жолақты жаңғырту жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді. Бұл Астана әуежайының өткізу қабілетін 4 есе арттырып, 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді. Шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын  күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Өткізу қабілеті 14 млн жолаушыдан 19 млн-ға дейін артады. Ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Сондай-ақ ел президенті Ішкі шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды. Үкімет 2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктінің құрылысын аяқтауға бейілді. Бұдан бөлек, саланы цифрландырып, тариф саясатын реформалау маңызды. Қазақ басшысы 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұжырымдамасына қатысты түпкілікті шешім қабылдануға тиіс, деген еді. 

Шернияз Жалғасбекұлы