Араб түбегінде мұнай тасымалы қымбаттады

Араб Әмірліктерінде мұнай тасымалы қымбаттады. Түбектегі ел қара алтын құнының отыз пайызын енді логистикаға жұмсайды. Бұған дейін шығын бар болғаны бес пайыз шамасында еді.

Мәселенің мәнісі – АҚШ пен Иран кеңірдектен алған Ормуз бұғазымен шикізат тасу аса қауіпті. Шиеленіс ушыққан аймақта кемелер күнде шабуылға ұшырап жатыр. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Жаһанда мұнай өндіруші мемлекеттер қатары артып келеді. Бәсекелестік бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары. Гайана, Канада және Аргентина осы қатарға екпіндеп қосылды. Венесуэла өндірісті ұлғайтуға кірісті. Иран керісінше ықпалын жоғалта бастады. Араб елдері де анау айтарлық ауқымды көлемде қара алтын экспорттап жатқан жоқ. Бір тәуірі баға әзірге барлық тарапқа тиімді болып тұр. Ал алда не болмақ?

Әмірлік үкіметі жыл аралатып Абу Дабиде өткізетін дәстүрлі мұнай-газ конференциясы биыл да жұмысын жалғастырды. Өндірістегі озық технология мен жаңаша шешімдер таныстырылды. Бұл жолғы жиын өңірлік ахуал ушыққан кезге тура келді. Араб мемлекеттеріне бұл жағдайдың ауыр тигені белгілі. Теңіздегі тасымал бөгеліп, мұнай экспортынан түсетін табыс азайды.

Сұлтан Ахмед Әл-Джабер, БАӘ өнеркәсіп және озық технологиялар министрі:

- Геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, энергетикалық ресурстарды жеткізу жөніндегі міндеттемені орындап келеміз. Тұтынушылар бізге сенімді. Жеткізу жолдарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге күш саламыз. Бұған дейін мұнайдың логистика шығындары бір баррель құнының 5 пайызына тең болса, қазір 30 пайыздан асты.

Араб түбегінің шағыл әрі барқан құмындағы қазба-байлық аймақ жұртын жылдар бойы көл-көсір пайдаға кенелтті. Жер жаһандағы қара алтынға деген тәуліктік сұраныстың үштен бір бөлігін осы өңір өтейтін. Жыл басынан бері көрсеткіш бірде олай, бірде бұлай. Тек баға барреліне 100 доллардан жоғары болып тұр.

Карол Нахле, Араб энергетикалық клубының басшысы:

- Бірнеше айдан бері әлемдегі бірқатар аймақтың мұнай компаниялары қомақты табысқа кенеліп жатыр. Оларға осы күнгі сценарий қолайлы. Бір жақта шикізат экспорты тежеліп, өндіріс көлемі қысқарғандықтан, екінші тараптың өніміне көбірек сұраныс пайда болды. Қаншалықты ұзаққа созыларын уақыт көрсетеді. Дөп басып ешкім айта алмайды. Енді мұнайды терең өңдеуді ұмытпаған жөн. Шикізат сатудан мол кіріске кенеліп жатқан елдер әлгі пайданың бір бөлігін салаға қайта инвестицияласа, кейінгі жылдар да олар үшін табысты болады.

Конференция аясында Қазақстанның шикізат өндірісіне қатысты маңызды жайттар да қаузалды. Саладағы сарапшылар елімізде кен орындарынан шығатын метанды толықтай кәдеге жарату керегін алға тартып отыр. Оның таралуын болдырмау экологияға да оң әсер етеді.

Марк Браунстайн, «EDF» Қоршаған ортаны қорғау қорының аға вице-президенті:

- Атмосфераға таралған метанның әр молекуласы – жоғалған әрі зая кеткен ресурс. Газ өндірісіндегі компаниялар оны ұстап қалуға қадам жасаса, энергия келешекте ысырап болмайды деген сөз. Қазақстан тиісті шараларды қолға алып, бірнеше кен орнында метанды сақтап қалуға болатынын анықтады. Енді сол табиғи газды жоғалтпай, ел ішін қамтуға бағыттау керек. Жаңа инфрақұрылым осы мақсатқа тіптен керек.

Ашраф Абуфарис, Basf компаниясының бөлім басшысы, газ өндірісі бойынша маман:

- Кейінгі үш-бес жыл бедеріндегі инвестицияларға қарағанда Қазақстан газ өндіру нарығындағы жағдайды өзгертіп, ғаламдық экспорт стратегиясына ықпал етуі мүмкін. Ол үшін мемлекет энергия жеткізу жолдарының қауіпсіздігіне басымдық беріп, маңызды шешімдер қабылдай бастайды деп ойлаймын. Қазіргідей қақтығыстар кезеңінде Орталық Азиядан жаһанға балама газ жеткізушілер қажет.

Айтпақшы, Азия және Еуропада энергия ресурстарына сұраныс әлі де жоғары. Ал Таяу Шығыстағы тұрақсыздық қай кезге дейін жалғасары белгісіз. Шикізат тасу жолдарында кедергі көп. Демек нарықта басқа аймақтағы өндірушілер үшін тиімді мүмкіндік туып тұр.

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: