3 жылда инвестиция көлемі $400 млрд-қа жетеді
Алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасына 400 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады.
2029 жылы бұл қаржының жалпы ішкі өнімге қатынасы 23 пайызға ұлғаяды. Әлбетте, бұл межеге қол жеткізу үшін нақты іс-шаралар жоспары қажет. Алдағы ауқымды істің барысы Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. Инвестиция негізінен қай салаларға тартылмақ, оның есебінен іске асатын жобалар қандай болмақ?
Бүгінгі үкімет отырысында күн тәртібіне экономиканы әртараптандырудың тәсілдерін қарастыру қойылған. Бұл ретте азаматтардың табысын арттыруға баса назар аударылып отыр. Мақсатты межеге жету үшін президенттің өткен аптадағы кеңейтілген отырыста берген тапсырмалары назарға алынады.
Атқарылуы тиіс шаруаның басында өнеркәсіпті өрістету мәселесі тұр. Үкімет 2029 жылға қарай жиынтық инвестициялар көлемін $400 млрд жеткізуді көздеп отыр. Осы арқылы елде экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу қамтамасыз етіледі. Алғашқы болып бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндап жасап шықты. Айтуынша, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Бұл өз кезегінде шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға мүмкіндік жасайды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Экономикалық күрделілік индексі шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 55-орынды иеленді.Көршілес елдермен салыстырғанда, 2020–2024 жылдары Қазақстан қарқынды серпіліс жасап, 87-орыннан 55-орынға көтерілді.Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін бізге инвестициялар көлемін ұлғайту қажет.Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың Жалпы ішкі өңімге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды.
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жалпы өндіріс көлемін $7,3 млрд-қа жеткізеді деген жоспар бар. Өндірісті өрістетуге бағытталған 17 ірі жоба таңдап алынды. Қазіргі таңда министрлік 9 жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың екеуі өткен жылы іске қосып үлгерген. Қалғандары кезең-кезеңімен аяқталмақ. Мұнымен қоса, энергетикалық секторды нығайту үшін үкімет елдің мұнай өңдеу қуаттын арттыруды көздеп отыр. Көрсеткіш 2033 жылға қарай жылына 40 млн тоннаға дейін өседі деген болжам бар.
Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы түрде кеңейтіледі.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2026-2033 жылдары елімізде қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздерін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу бойынша жұмыстарын жүзеге асыра отырып, қайта өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген.
Кеңейту жобалары мұнай өнімдерінің тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. 2033 жылы төртінші зауыт есебінен авиакеросин тапшылығы жойылып, көрші елдерге ЖЖМ экспорты басталады. Жұмыс істеп тұрған зауыттарда қайта өңдеу үлесі 94%-ға дейін өседі, ал отын сапасы К5 стандартына дейін артады.
Министрлік ақпарына сенсек, биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4.4 пайызға артты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары. Десе де, Үкімет басшысы бөрікті аспанға ату әлі ерте екенін еске салды. Алда жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою керектігін тапсырды. Бұл бағытта жаңа жобалардың тізбесін ұсынуға пәрмен берді. Мұнымен қоса, өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет. “Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым” - деді Олжас Бектенов. Санға да, сапаға көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан