Биыл 26 мың тонна балық өнімі өндіріледі 

Қазір елде 700-ден аса балық шаруашылығы субъектісі бар.

Мамандар бұл саланың әлеуеті зор дейді. Өзен-көлдер жеткілікті. 20-ға жуық республикалық және халықаралық су айдыны бар. 3 мыңға тарта көл де балықшылардың тірлігіне қолайлы болып тұр. Ал балықты қолдан өсірушілерге биылдан бастап, су беру қызметтерінің құны субсидияланады.

Бағдат Рүстемов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы: 

- Аквашаруашылық субъектілеріне суды жеткізу құнын өтеу бойынша субсидия бар. Бұл әр регионның тарифіне байланысты 60 пайыздан 85 пайызға дейін өтелетін болады. Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл облыс әкімдіктерімен берілетін субсидияның түрі. 

Мәрлен Тұрсынәлі Алматы облысында балық шаруашылығын дамытып жүр. Жылына мың тоннаға жуық бекіре, сазан, форель өсіреді. 

Мәрлен Тұрсынәлі, балық шаруашылығының басшысы:

- Иелігімізде 5-ке жуық шаруашылығымыз бар. Жыл өткен сайын шаруашылығымыздың санын арттырудамыз. Әрине бізге мемлекетімізден көмектер берілуде. Соны алудамыз. Атап айтатын болсақ, қандай көмектер беріліп жатыр. Шабақтарына балық өсіруге, балықты өсіруге кететін жеміне, балықтар ауырғанда қолданылатын дәрілеріне, сонымен қатар биылғы жылы арзандатылған кредиттерді де береміз деп жатыр. Өйткені бұл балық өсірушілерге деген уверенності береді.

Мамандар өндіріс артқан сайын, нарықта арзан балық көбейеді дейді. Бұл халықтың тұтыну көрсеткішіне де әсер етеді. Мәселен, бұған дейін қазақстандықтар жылына 4 келі балық жесе, қазір 5 келіге жуықтаған.

Тынысбек Барақбаев, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының орынбасары:

- 2025 жылдың өзінде 38 мың тоннадан аса балық ауланды. Ал аквакультура бағытында 12 мың тоннадан жоғары балық өсірілді. 2030 Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізгі міндеті аквокультура жағында қойылған.

Балық шаруашылығы - табысты кәсіп. Мемлекеттің демеуі де саланың шарықтауына сеп. Соның арқасында шаруашылықтар ғана емес, өндірілген өнім көлемі де артты. Былтыр нарыққа 18 мың тонна отандық балық шығарылса, биыл 26 мың тоннаға жетеді. Бұл үшін 72 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Шаруашылықтардың жылдық қуаты 120 мың тонна.

Мерей Мұратханқызы