Қазақстан өндірген бал АҚШ-қа экспортталды

Қазақстанда өндірілген бал Еуропа мен Азия тұрмақ, мұхиттың арғы бетіндегі елдерге де экспортталып жатыр.

Ал импортқа тәуелділік жылдағыдан күрт азайған. Омарташыларға өнімнің әрбір келісі үшін мемлекет тарапынан субсидия төленеді.

Отандық бал АҚШ пен Канадаға экспортталды

Отандық омарташылардың өніміне шетелден сұраныс күрт артты. Көршілес жатқан Өзбекстан, Қытай және Ресей былай тұрсын, Араб түбегіндегі елдер, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ пен Канадаға дейін қазақстандық балды арнайы тапсырыспен алдыртып жатыр. Елде омарта шаруашылығымен 12 мыңдай адам айналысады. Олар жыл сайын 5 мың тоннаға жуық бал өндіреді. Өнімнің 54 пайызы ірі агроқұрылымдарға тиесілі болса, қалғаны жеке қосалқы шаруашылықтардың еншісінде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми статистикасына сүйенсек, былтыр мың жарым тоннадай бал шетелге сатылған. Алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сыртқы сауда серіктестеріміз де жылдан жылға артып келеді. Былтыр бұл қатарға Оман елі қосылды.

ара шаруашылығы 

12 МЫҢ ОМАРТАШЫ

ӨНДІРІС ҚУАТЫ - 5 МЫҢ ТОННА

54% - ТАУАРӨНДІРУШІ

46% - ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚ 

ЭКСПОРТ

2025 Ж - 1 477 ТОННА

2024 Ж - 603 ТОННА

Ғабит Нұрәділ, «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар одағының вице-президенті:

-  Сауд Арабиясы, БАӘ алып жатыр. Олардың бәрі бір балдың төңірегінде. Мысалы, жантақ балы бар. Соған қызығады олар. Осы балдан бізге 100 тонна аламыз, 50 тонна аламыз дейді. Бізде бір омартаның қатты әлеуеті 100-50 тоннаға кейде жетпей жатады. Бірақ Сауда Арабиясы мен БАӘ бізден бал алу көлемі әлдеқайда көбейді деп айтсақ болады. Әрине, Ресей, ТМД да бізден алып жатыр.

Балдың әрбір келісі үшін субсидия төленеді

Дегенмен, өткен жыл отандық омарташылар үшін оңайға соққан жоқ. Әсіресе оңтүстікте жауын-шашын әдеттегіден тым аз болды. Соның салдарынан жарғақ қанаттылар түрлі ауруға шалдыққан. Қазақстанның табиғаты мен ауа-райына асыл тұқымды аралардың үш түрі ғана бейім келеді. Солардың ішінде ең көп таралғаны Карпат пен Карниол. Ал одан кейін Орта орыс арасы кең қолданылады. Омарташыларға бұған дейін демеу-қаржы тек селекция үшін берілетін. Яғни, әрбір ара ұясына 5 мың теңге шамасында қарастырылған. Кейін субсидия бөлу тәртібі қайта қаралды. Енді шаруалар өздері сатқан балдың әрбір келісі үшін демеу-қаржы алады.

ЦИТАТА: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

- Бал өндірісінің шығынын азайту мақсатында өткізілген әр килограмм өнімге 200 теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған. Саланы дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. 2025–2027 жылдарға арналған ара шаруашылығын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді.

Омарташылар ара санын еселеуге ниетті

Әлемде омарта шаруашылығы екі бағытта жүзеге асырылады. Алғашқысы - бал өндіру болса, кейінгісі араны көбейту. Бізде осылардың екіншісі кенже қалып тұр, дейді Қазақстан омарташылар Одағының вице-президенті. Оның айтуынша, шаруаларымыз жарғақ қанаттылардың көбін Өзбекстан мен Қырғызстаннан алдыртады. Ал шетелден тасымалданған аралар түрлі ауру таратуы мүмкін. Сондықтан дәл осы жәндікті елдегі шаруашылықтарда көбейтуге басымдық берген абзал. Әсіресе, оңтүстік өңірлердің табиғаты бұған өте қолайлы. Бастысы мемлекет тарапынан қосымша қолдау қажет, дейді маман.

Ғабит Нұрәділ, «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар одағының вице-президенті:

- Ара шаруашылығының дамуы үшін біз оңтүстікте ара жанұясының санын көбейтіп, шығыста, солтүстікте, батыста және орталық Қазақстанда өзімізге қажетті ара жанұясын өндіруге барлық мүмкіндік бар бізде. Егер Үкімет тарапынан осы бағытта субсидия берілсе, өте жақсы болар еді.

Бал импорты күрт азайды

Енді бал импортына тоқталайық. Алдыңғы жылы шетелден 1 663 тонна өнім сатып алынған. Ал былтыр оның көлемі 262 тоннаға дейін азайды. Экспорттың көбейіп, импорттың кемігені отандық омарташылардың әлеуеті артқанын аңғартады. Мамандардың пікірінше, алдағы жылдары бұл көрсеткішті еселеуге олардың қауқары жетеді. Тек қолдау шараларын одан әрі жетілдіру маңызды.