Қызылорда облысында күріш егу алқабы қысқарады

Қызылорда облысында биыл 11 мың гектар күріш алқабы қысқарады.  

Егістік көлемі  70 мың гектардан аспайды.  Себебі Сырдарияда су тапшы. Диқандар күріштің  орнына  жүгері егуді жоспарлап отыр. Бұрын бұл дақыл небәрі 1,7 мың гектарға егілсе, биыл 10 мың гектар жерге себіледі. Өнімді өткізуде қиындық болмайды, дейді сала мамандары. Қазір өңірде жүгеріні терең өңдейтін екі инвестициялық жоба іске асып жатыр. Жалпы, биыл облыста 186 мың гектарға жуық егін егу жоспарланған. Биыл бірқатар шаруашылық су үнемдеу технологиясын енгізбекші. 

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда дәнді жүгерінің егісі күрішке қарағанда әлдеқайда тиімді болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, соңғы осы бір жарым жылдың көлемінде күріштің бағасы да екі есеге дейін төмендеді. Дәнді жүгеріге сұраныс, бірінші кезекте, Қытайға өте жоғары сұраныс. Одан бөлек біз жаңа айтып өткендей, дән түрінде экспорттауға бағыттап отырған жоқпыз, оны терең өңдеп, сиробын, патокасын шығарып, өңделген өнімді сатуға жұмыс жасалатын болады.