Қызылорда облысында 100 шақырым су арнасы тазаланады

Қызылорда облысында 100 шақырым су арнасы тазартылып, ескі гидротехникалық нысандар жөндеуден өтеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазалы ауданында да басталды. Негізгі мақсат – су тапшылығының алдын алып, егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету.

Қазалы ауданындағы «Ішкі» су арнасының ұзындығы 22 шақырымнан асады. Бұл каналдың бойында 2 мың гектардан астам жайылым мен шабындық және 1500 гектар егін алқабы бар. Ақжона мен Алға ауылдарының тұрғындары үшін мал шаруашылығы мен егіншілікке басты тіршілік көзі осы гидронысан болып отыр.

Нұрлан Әбілдаев, «Қазсушар» РМК өндірістік учаскесінің басшысы:

- 35 жылдан бері тазартылмаған канал іші бітеліп, топырақпен көмілген. Енді тазартылғаннан кейін қосымша егіс көлемі қосылатын болады. 150 гектар жайылым, шабындықтар қосымша қосылса, сонымен қатар 100 гектар бау-бақша егуге мүмкіндік туады.

Су арнасын жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталған болатын. Бүгінде оның 6 шақырымы толық тазартылды. Сонымен қатар канал бойындағы су тоспалары да ретке келтірілмек.

Ғалымжан Ақжанов, «Темір Строй» ЖШС учаске бастығы:

- Гидронысандардың біреуін биыл саламыз. Екі аптадан кейін бастаймыз. Келесісін келесі жылы, сол наурыз айында салынады.

Жалпы ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында қазірдің өзінде 3 маңызды жоба жүзеге асып жатыр. Бұл бастамалардың жалпы құны – 2,8 миллиард теңге.

Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:

-Қазалы ауданының сол жағалау алабында 12 000 гектар егістікті құрайтын аумақта «1 ГД», «2 ГД», «3К» қашыртқыларын жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның нәтижесінде біз осы аумақтағы 12 000 гектар егістікті құрайтын жерлерді суландыратын боламыз.

Мамандардың айтуынша, жалпы өңірде келесі егін науқаны басталғанға дейін 100 шақырымға жуық су арнасын тазалау жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі су тапшылығы мәселесін біртіндеп шешіп, шаруалардың жұмысын жеңілдетпек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ оқыңыз: