Алматы апорты Еуропаға экспортқа шығарылады
Алматының апорты Еуропаға экспортталады.
Кәрі құрлықтағы елдер алманың бұл сұрпына ерекше қызығушылық танытып отыр. Берлинде өткен халықаралық көрмеде отандық бағбандар сауда серіктестерімен жолықты. Олардың айтуынша, апорттың өзі ғана емес, одан жасалған өнім түрлері де сұранысқа ие. Соның ішінде шырын, сірке суы, чипсы және кептірілген алма бар. Бағбандар алғашқы партияны биыл Германияға жөнелтуді жоспарлап отыр. Кейін сол тәжірибе негізінде тауарды өзге мемлекеттерге бағыттайды. Қазір экспортқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Еуропадан бөлек алдағы жылдары Парсы шығанағындағы елдер мен Қытай нарығына шығу көзделген.
Роман Сафаров, Алматы апортын өндірушілер қауымдастығының президенті:
- Еуропалықтар апортты көргенде қатты таңғалды. Өйткені шетелдік нарықта мұндай үлкен алма жоқ. Оның үстіне хош иісі мұрын жарады. Қазір апорт пен оның өнімдерін экспорттауға дайындалып жатырмыз. Халықаралық нарыққа шығу үшін тиісті сертификат алуымыз керек.
Апорт өсірушілерге қолдау көрсетіледі
Алматы апортын өндірушілер қауымдастығында 8 шаруашылық бар. Олар жыл сайын шамамен 1500-2000 тонна өнім жинайды. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы мен Қауымдастық арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Дәл осы құжат экспорт жүйесін қалыптастырудың тиімді тетігі болуға тиіс.
ЦИТАТА:
ҚР Сауда және интеграция министрлігі
Меморандум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade ұйымы апорт өндірушілерді сыртқы нарықта сүйемелдейді. Халықаралық көрмелерге қатысу, келіссөз жүргізу және серіктес табу бағытында қолдау көрсетеді. Жүйелі жұмыстың арқасында апорттың географиясы кеңейіп, қосылған құны жоғары ұлттық брендке айналады.
Бағбандар алма бағын кеңейтуге ниетті
Алматы апорты өзге алма сұрыптары сияқты кез келген аумақта өсе бермейді. Ол теңіз деңгейінен жүздеген метр биік жерге ғана бейімделген. Алатаудың баурайында өскен жемістің иісі жұпар, дәмі қанық және көлемі үлкен болады. Польша мен Қытайда жаппай өсіріліп жатқан алмалардан ең басты артықшылығы осы. Қазіргі таңда апорт ағаштары бар шағын бау-бақша иелері де өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Мамандар оларға кәсіби кеңес беруге дайын. Сонымен қатар қараусыз қалған бұрынғы алма бақтарын қайта жандандыру жоспарланып отыр.
Роман Сафаров, Алматы апортын өндірушілер қауымдастығының президенті:
- Бізге ең керегі - теңіз деңгейінен 900 метр биіктіктегі жер телімдері. Өйткені апорт кемінде 850 метр биіктікте ғана өседі. Одан төмен болса, сапасы да төмендей бастайды. Төзімділік қабілеті азаяды, хош иісі жоғалады. Сондықтан бұрынғы алма бақтарын қайта қалпына келтіруге күш салып жатырмыз.
Бау-бақша — агросектордың маңызды бөлігі
Алманың өзге түрлерін қоса алғанда, Қазақстанда барлығы 29 мың гектарға жуық алма бағы бар. Олардың көбі Алматы, Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарына тиесілі. Бау-бақша шаруашылығы - агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бөлігі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылдан бері шаруалар бақ отырғызу және интенсивті технология енгізуге арналған субсидиямен қамтылды. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып келеді.
Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары селекциялық жұмыстарды белсенді жүргізіп жатыр. Кейінгі 85 жылдың ішінде алманың 400 шақты сұрпы мен буданы шығарылды. Солардың 30-ға жуығы апорт негізінде қалыптасқан.