Таяу Шығыстағы ахуал ел экономикасына қалай әсер етеді?
Таяу Шығыстағы ахуал ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл жайында бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин пікір білдірді.
Оның сөзінше, Қазақстан үшін Парсы шығанағы арқылы өтетін логистикалық маршрут аса маңызды рөлге ие емес. Еліміз бұл бағыттағы порттарды сирек пайдаланады. Басты қатер логистикада емес, мұнай құнының құбылмалы болуында, - дейді вице-премьер.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Логистика саласына бұл жағдай айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Бірақ мұнай бағасының құбылуы, әрине валюта бағамына әсер етеді. Сондықтан валюта бағамының тұрақсыздығы - жақсы емес. Әдетте мұнай бағасы өссе, теңге де нығая түседі. Мұнда мәселе теңгенің нығаюы немесе әлсіреуінде емес. Негізгі мәселе - бағамның құбылмалылығында. Ал құбылмалылық әрдайым нарықтағы алаңдаушылықты білдіреді. Бізге керегі - тұрақтылық.
Серік Жұманғарин Үкімет пен Ұлттық банк қазіргі ахуалды мұқият қадағалайтынын жеткізді. Айтуынша, министрлер кабинеті ұлттық экономиканы қолдау үшін арнайы жоспарын да әзірлеген екен. Мәселен, «Бәйтерек» ұлттық холдингіне қосымша қаржы бөлініп, ірі инвестициялық жобалардың тізімі анықталған.