АҚШ пен Иран текетіресі қайта күшейді

Таяу Шығыста әскери қимылдар қайта күшейді. Тегеранның кейінгі жеті күнде ұшырған зымыран мен дрон саны бір жылдық көрсеткіштен де асып түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Президент Дональд Трамп Иранның әскери әрекеттеріне қатысты осылай деп мәлімдеді. Бірақ аймақтағы америкалық әуе қорғаныс күштері олардың бәрін жойып отырған. Ақ үй басшысы шабуылдардың үдеуін АҚШ-тағы саяси жағдаймен де байланыстырады. «3 қарашада өткен Конгреске аралық сайлауда Демократиялық партияның жеңіске жетуі Тегеранның батыл әрекет етуіне түрткі болды», – дейді.

Парсы шығанағында әскери ахуал күрделене түсті. Иран америкалық әскери нысандарға шабуылдарын күшейтті. Өткен аптада Кувейттегі Али әл-Салем әуе базасына бірнеше дрон ұшырылды. Алайда әуе қорғанысы жүйелері оларды дер кезінде жойған. Зардап шеккендер жоқ. Әскери нысандар да зақымданбаған. Ал Бахрейнде жағдай басқаша өрбіді. Елде әуе дабылы қосылып, шабуыл салдарынан азаматтық өнеркәсіп нысандарының бірі зақымданды. Артынша өрт шыққан. Сондай-ақ Шейх-Иса мен әл-Джуфайр әскери базаларына соққы жасалды. Ислам революциясы сақшылары корпусы шабуылдарды растады. Ресми Тегеран операцияның нысанасы елдің әуе кеңістігін бұзған америкалық әскери күштер болғанын мәлімдеді. Ал Бахрейн билігі Иранның әрекетін қатаң айыптады. Сыртқы істер министрлігі шабуылдар елдің егемендігін бұзып, бейбіт тұрғындарға қауіп төндіретінін мәлімдеді. Осыған байланысты Манама Ираннан келтірілген материалдық шығынды толық өтеуді талап етіп отыр.

«Иран шабуылынан азаматтық өнеркәсіп нысандарының бірі зақымданды. Қазір оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, соққыдан материалдық шығын келген. Зардап шеккендер жоқ», – Бахрейн Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесі.

Ормуз бұғазы маңында тағы бір америкалық дрон атып түсірілді. Бұл туралы Иран әскерилері мәлімдеді. Осылайша, жойылған америкалық дрондар саны 20-ға жеткен. Сонымен қатар бұғаз маңында сауда кемелеріне жасалатын шабуылдар да жиілеген. Қазан айында мұндай оқиғалардың саны 30-дан асты. Бұл АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін ай сайын орта есеппен 10 шабуыл болған. Қауіптің артуы кеме қатынасына да әсер етті. Кейінгі төрт тәулікте Ормуз бұғазы арқылы 116 сауда кемесі ғана өткен. Ал былтыр тәулігіне орта есеппен 138 кеме жүзген. Мұндай мәліметті Ұлыбританияның тиісті мекемесі келтірді. CNN телеарнасының хабарлауынша, Тегеран бұғаздағы бақылауын қайта күшейтуге мүдделі. Бұған әлемдік мұнай бағасының төмендеуі салдарынан ел кірісінің азаюы себеп болуы мүмкін.

Иран Ормуз бұғазындағы жағдайды реттеудің жолын атады. Елдің Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи: «АҚШ өз міндеттемелерін орындаса, аймақтағы қауіпсіздікті қысқа мерзімде қалпына келтіруге болады», - дейді. Оның айтуынша, Тегеранның талаптары жаңадан қойылып отырған шарттар емес. Ал Иран тарапы заңсыз санкцияларды жоюды, теңіз блокадасын тоқтатуды және 18 маусымда Исламабадта келісілген барлық тармақтың орындалуын талап етіп отыр.

Исмаил Багаи, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Иран халқы өз жерін, құқығын және ұлттық мүдделерін барынша қорғайтын болады. АҚШ-тың қоқан-лоққысы бізді райымыздан қайтара алмайды. Біз елге жасалған агрессияға қарсы барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. Себебі экономикалық санкциялар мен теңіз блокадасы да Иранға қарсы бағытталған әскери қысым болып саналады.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер әзірге тығырықтан шығар емес. Қазір екі ел Қатар мен Пәкістанның араағайындығымен ұсыныстар алмасып жатыр. Дегенмен Дональд Трамп: «Дипломатиялық келіссөздерді мағынасыз», - деп айтты. Егер ортақ келісімге қол жеткізілмесе, жаңа жылдан кейін Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастауы мүмкін екенін ескертті. The New York Times газетінің хабарлауынша, ықтимал нысаналар қатарында Иранның зымыран қоймалары, ядролық нысандары мен әскери басқару орталықтары бар.

Ал Тегеран келіссөздерге дайын екенін білдіргенімен, өз ұстанымынан бас тартпай отыр. Сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің сөзінше, ел билігі уран қорын талқылауға қарсы емес. Бірақ оны ел аумағынан шығаруға еш келіспейді.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: