Астықты терең өңдейтін кәсіпорындар көбейеді

Елде астық тұқымын жаңғыртуға басымдық беріліп жатыр. Алдағы бірер жылда ішкі нарықтағы отандық өнім үлесі 80 пайызға дейін жетуге тиіс.

Қазірдің өзінде астықты терең өңдейтін жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. «Бұл – нарық» айдарына кезек берейік.

Отандық астық тұқымына басымдық беріледі

Елде астық сапасына басымдық беріледі. Тұқым жаңарту бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Соның негізінде 50 млрд теңге қарастырылған. Биылдың өзінде 16 млрд теңгесі игеріледі. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді. Кешенді жоспардың негізгі операторы Ұлттық аграрлық-ғылыми білім беру орталығының техникалық базасын нығайту жоспарланып отыр. Яғни тәжірибелік стансалар, зертханалар және құрал-жабдықтар жаңғыртылады. Қазір ішкі нарықтағы отандық бидай тұқымының үлесі 60 пайызға жуықтайды. Қалғаны көрші мемлекеттерден импортталады. Алдағы үш жылда отандық өнім көлемін кемінде тағы 20 пайызға арттыру міндеті тұр.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Кешенді жоспарды іске асыру барысында, мысалы, бидайға келетін болсақ, отандық тұқымды 80 пайызға дейін жеткізу. Басқа да, мысалы, импортталатын көгөніс дақылдарының тұқымдарын, жүгері. Сұраныс өте жоғары. Қызылша, картоп. Осы кешенді жоспардың ішінде осы отандық тұқымның өзіндік қамтуын бірнеше есеге асыратын болатын.

Өңделген өнім үлесі артты

Былтыр агроөнеркәсіп кешендері өндірген азық-түліктің жалпы құны 4 трлн теңгеге жуықтады. Бұл алдыңғы жылдағыдан 8 пайызға көп. Әсіресе, өңделген астық, май, ет және сүттің көлемі едәуір артып отыр. Қазіргі таңда майлы дақылдарды қайта өңдейтін 90 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар жыл сайын 5 млн тоннадан астам өнім шығаруға қауқарлы. Ал астықты терең өңдейтін 3 кәсіпорын бұл аралықта 500 мың тонна тауар дайындай алады. Соның ішінде бидай мен жүгері крахмалы, глютен, сірне және биоэтанол өнімдері бар.

Астықты терең өңдейтін кәсіпорындар көбейеді

Алдағы үш жыл ішінде астықты терең өңдеуге арналған 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, шетелдік ірі компаниялармен тиісті келісім жасалып, кейбір нысандардың құрылысы басталып та кетті. Бұл жобаларға 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады. Соның нәтижесінде 3 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін. Зауыттардың бірі Астана қаласында бой көтереді. Оны Түркия және Қатар компаниялары бірлесе жүзеге асырып жатыр. Жаңа өндіріс орнында жыл сайын 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты қайта өңдеуге болады. Тауар ішкі нарықпен қоса, ТМД мен Еуропа елдері, Түркия, Солтүстік Америка және Оңтүстік Шығыс Азияға шығарылады.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бұл зауыт 300 мың тоннадан астам дәнді-дақылдарды өңдеп, әрі қарай экспортқа шығуға жоспарлары бар. Үлкен жобаның негізі қарастырылған. Осының шеңберінде Астанаға 300 млрд теңге инвестиция тартылатын болады. Одан бөлек қазір Жамбыл облысында құрылысын бастап, осы жылғы бірінші кезеңін аяқтауда. Қытай инвесторлары өзінің жеке инвестициясына зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл зауыт биылдан бастап 1 млн тоннаға жуық шикізат ретінде жүгеріні алады.

Кәсіпорындарды қолдау шаралары

Қайта өңдеу саласының даму қарқыны мемлекеттік қолдау шараларымен тікелей байланысты. Кәсіпорындар үшін негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несиелер енгізілді. Олардың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5-5 пайыз аралығында. Сонымен қатар кепілге қойылатын мүлік сомасы жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры арқылы қарыздың 85 пайызына дейін кепілдік беру қарастырылған.