Қостанай облысында бірқатар азық-түлік бағасы арзандады

Қостанай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Бұл өңірде бағаны тұрақтандыру бағытында жүріп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. 

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бағаға күнделікті мониторинг жасалып, нарықтағы жағдай бақылауда екенін айтады. Жергілікті кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілік танытуы да бағаның төмендеуіне әсер еткен. Өңірде қолға алынған «Саналы бизнес – ел тірегі» акциясы аясында бірқатар кәсіпорын халыққа қолжетімді баға ұсынып келеді. Солардың бірі – Қостанайдағы азық-түлік өнімдерін өндіретін жергілікті кәсіпорын. 

Тобыл қаласындағы ет комбинаты – толық циклді өндіріс орыны. Яғни өздері асыл тұқымды мал өсіріп, етін өңдеп, өткізеді. 130-дан астам ет өнімдерін шығарады. Жарық, жылу, коммуналдық қызмет ақысы қымбаттап жатса да, олар былтырдан бері бағаны көтерген жоқ.

Жеңіс Төленов, ет комбинатының директоры

- Алдағы уақытта да бағаны көтеру ойымызда жоқ. Шекті табысымыз өзімізге жетеді. Тек құлқынның қамын ойлаймай, халықтың жағдайына да қарайласу қажет. Бір жағынан бағаның тұрақтылығы бәсекеге қабылетті болу үшін де маңызды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Ұлттық статистика бюро мәліметіне сүйенсек, Қостанай облысында соңғы жылдары әлеуметтік маңызы зор азық-түлік бағасында айтарлықтай ауытқушылық жоқ. Тек қана ет-сүт тағамдарының бағасы сәл көтерілгендігі байқалады. Ұн өнімдерінің бағасы қалыпты деңгейде сақталып тұр. Ал әлеуметтік маңызы зор азық-түлік санатына жататын күріш, алма, ірімшік бағасы сәл де болса, төмендеген.

Бұл сауда орынында сатылатын ет комбинаты өнімдерінің бағасы соңғы үш ай өзгеріссіз екендігін тұтынушылар да растап отыр.

Қайырбек Бек, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Тауарды күнде аламыз. Үш ай болды баға өзгерген жоқ. Бәрі сол қалпы.

Баға өсіміне жол бермеу үшін өңірде бірқатар іс-шаралар қолға алынған.Тұрақтандыру қорында 16 мың тонна түрлі азық-түлік сақтаулы. Баға қымбаттауы байқалса, бірден тауарлық интервенция жасалады. Қосымша ет, сүт өнімдерін алуға жақында жеңілдетілген несие бөлінді. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауараларын шекті рұқсат етілген үстемақысынан асырып сататын сауда орындары да кездеседі.

Жанар Балтабаева, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде айналым жүйесі жұмыс істейді. Ақшаны береміз, ал кәсіпорындар өнімдерін кесімді бағамен өткізуі тиіс. Көтерме, жеке сауда орындарының қосатын үстемақысы 15 проценттен аспауы қажет. Алайда кейбіреулер бұл талапты сақтамайды. Сол үшін де осы жыл басынан бері 24 сауда орынының иесіне әкімшілік айыппұл салынды.

Өңірде 190 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрімен Қостанай облысы өзін-өзі толық қамтамасыз етеді. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров