Әлемде шикізат бағасы қымбаттады
Биыл әлемдік шикізат бағасы бірден 23 пайызға өсуі мүмкін. Дүниежүзілік банктің жаңа болжамына сәйкес әсіресе энергетикалық ресурстар қымбаттайды.
Мұнай қорының азаюы мен жеткізудегі іркілістерге байланысты отын бағасы 32 пайызға дейін көтерілуі ықтимал.
Қаржы ұйымының бағалауы бойынша, биыл Брент маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 91 доллар шамасында болады. Ал былтыр бұл көрсеткіш 69 доллар еді. Әлем бойынша азық-түлік те қымбаттап барады. Ауыл шаруашылығы шикізатының құны шамамен 10 пайыз, ал тыңайтқыштар бағасы 14 пайыз өсуі мүмкін. Бұған Эль-Ниньо климаттық құбылысы, жанармай шығынының артуы және астық жеткізудегі іркілістер қосымша салмақ салып отыр.
Сарапшылар жағдай тұрақталмаса, алдағы жылы азық-түлік бағасы базалық болжамнан тағы 12 пайызға көтерілуі мүмкін деп болжайды.