Ерекше мәртебе Алатау қаласы үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады

Алдағы ауқымды шаруа ұзақ мерзімді жоспарлау құжаттары негізінде жүзеге асырылады.

Басты басымдық дербес қаржылық-салықтық моделін қалыптастыруға беріліп отыр. Бұл дегеніміз қала аумағында арнайы салықтық нормалар қолданылады. 2050 жылға дейін Алатау аяққа тұрғанша, өзін-өзі қамтығанша оның бюджетінен ақша алуға тыйым салынып отыр. Мұнымен қоса кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары мен инвестициялық ынталандыру шараларын айқындайтын "Алатау қаласының басым салалары", "бизнес-лицензия", "реттеуші рұқсат" және "салық преференциясы" сияқты жаңа ұғымдар енгізілді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл бастама қала алдында жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Олар Алатаудың жаңа деңгейге шығуына ықпал ететіні сөзсіз. Заңды қарау және қабылдау барысында белсенді жұмыс атқарған Парламент палаталарының бірлескен комиссиясына, барлық депутаттарға, Мәжіліс пен Cенат аппараттарының қолдауына ерекше алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Сіздердің ұсыныстарыңыз құжат сапасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берді. 

Жаңа заңда бизнеске кепілдік күшейді. Яғни инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау басты назарға алынған. Кәсіпкерлікке қатысты тексеруді тек Бас прокуратура органдары ғана жүргізе алады. Бұл іскерлік ортадағы қысымды азайтып, тұрақтылықты арттыруға тиіс. Бұдан бөлек инвестициялық саясатты іске асырудың негізгі құралы Алатаудың жер қоры болады. Жер учаскелері резиденттерге нақты инвестициялық жобаларға байланысты лицензиялар немесе шарттар негізінде үлестіріледі.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін "қаржылық тұрақтылық" және "ашықтық" принциптері күшейтілді. Инвестициялық жобаны іске асыру аясында берілген инвестициялық міндеттемелердің сомалары, алынған жеңілдіктер мен преференциялар туралы ақпарат ашық қолжетімді болуға тиіс.