Қазақстанда қоқыстың 25%-ы өңделеді
Біздің мақсат - жасыл экономика.
Елде келер жылдың алғашқы тоқсанында энергия тапшылығы мәселесі шешіледі. Бұл бағытта дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін қуат көлемін арттыру жоспары бар. Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге арналған бес жылдық тұжырымдама бекіді. Құжат аясында кәсіпорындарды ынталандыру шаралары қарастырылған.
Жасыл экономиканы дамыту аясында қоқысты қайта өңдеуге басымдық беріліп жатыр. Бұл бағытта алдағы бес жылға арналған тұжырымдама бекітілді. Соның негізінде қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығы құрылады. Онда қоқыстың түзілуінен бастап, кәдеге жаратылуына дейінгі барлық кезең есепке алынады және цифрлық мониторинг жүргізіледі. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде жыл сайын шамамен 4 жарым млн тонна тұрмыстық қатты қалдық түзілсе, соның 25 пайызы ғана қайта өңделеді. Үйінділер астында улы заттар да аз емес. Олар қоршаған орта мен ұлт денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан кәсіпорындарды ортақ ақпараттық жүйеге тіркеу, қалдықты бір реттік заңдастыру және утиль алым есебінен заманауи полигондар құрылысын қаржыландыру сияқты шаралар қарастырылып отыр.
Руслан Төкенов, ҚР ЭТРМ қалдықтарды басқару департаментінің директоры:
- Қазір 25 пайызы қайта өңделіп отыр. Бұл көрсеткішті біз 2030 жылға дейін 40 пайызға жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар қалдықтарды өртеп, энергетикалық утилизациялау арқылы одан энергия алу технологиясын 3 қалада енгізіп, министрлікпен тиісті инвестициялық келісішартқа қол қойды.
Келесі жылы энергия тапшылығы жойылады
Сонымен қатар кейінгі жылдары жаңартылатын энергия көздері саласына көңіл бөлініп жатыр. Ел бойынша мұндай 162 нысан жұмыс істеп тұр. Солардың 67-сі жел, 49-ы күн, қалғаны су және биогаз электр станциялары. 9 нысан былтыр қолданысқа берілді. Олар Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Нәтижесінде таза генерацияның үлесі 6,4-тен 7 пайызға ұлғайды. Биыл дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінен 2,6 ГВт қуат өндіру жоспарланып отыр. Бұл жобаларды іске асыру арқылы келер жылдың алғашқы тоқсанында елдегі энергия тапшылығы мәселесі толық шешіледі, дейді Энергетика министрлігінің мамандары. Сарапшылар бұл тұста заманауи озық технологиялардың маңызы зор екенін айтып отыр.
Дилором Сұлтамұратова, халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының менеджері:
- Жаңартылатын энергия көздері – бұл күннен алатын және желден алатын энергия. Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік аймағында орналасқан осындай жобалар бар. Олар жұмыс істеп жатыр. Бірақ олар қазіргі көмірден немесе газдан алатын жылу мен электр қуатын айырбастай алмайды қазіргі таңда. Бірақ біз сол жолға бастап келе жатырмыз. Қазақстанда күн көп бола бермейді ғой, әсіресе солтүстік өңірлерде. Сондықтан мүмкін күннің қуатынан көбірек нәтиже алатын технологияларды көре аламыз.
Жаңартылатын қуат көздерін дамыту — міндет
Ал 2035 жылға дейін Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен 8 ГВт-тан астам қуат алу жоспарланған. Бұл отандық энергетика саласының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыра түседі. Жасыл экономиканы одан әрі дамыту үшін жаһандық ғылыми жобалар мен тәжірибе ұдайы қажет. Осы айдың екінші жартысында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит дәл осы бастамалардың ашық алаңына айналғалы тұр. Оған Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары, жаһандық ұйым жетекшілері мен сарапшылар қатысады. Сала мамандарының айтуынша, жиында Қазақстан жаңа жасыл технологияларға ерекше ден қояды.
Дилором Сұлтамұратова, халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының менеджері:
- Біз басқа мемлекеттерден не ала аламыз деген сұрақ болса, әрине ол олардың тәжірибесі. Өйткені еуропалық мемлекеттер бізге қарағанда өзінің жасыл экономикаға, жасыл технологияға деген жолын ертерек бастап қойған. Сондықтан біз олардың 20, 30 жылдық тәжірибесінен үйрене аламыз. Қазақстанға керек бір шешулерді мүмкін болашақта тарта аламыз.
Жасыл экономика — жаңа жұмыс орындары
Жасыл экономика жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Елде бұл салада әзірге 2 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Олардың көбі жел, күн және су электр станцияларының мамандары. Ал 2030 жылға қарай жаңа инвестициялық жобалар негізінде тағы 12 мың тұрақты жұмыс орыны ашылуы мүмкін. Жоғарғы оқу орындарында ондаған жаңа мамандық енгізілсе, солардың ішінде энергетика және экология саласы да қамтылып отыр.