Елде биоқоспаларды тұтыну көлемі артты
Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну көлемі жыл сайын шамамен он бес, жиырма пайызға артады. Алайда солардың біраз бөлігі заңсыз сатылып жатыр.
Сондықтан биыл қыркүйек айынан бастап мұндай тауарларды таңбалау көзделіп отыр. Ал желтоқсан айынан бастап зергерлік бұйымдардың сауда айналымы цифрлық бақылауға алынады. Сауда және интеграция министрлігі тиісті бұйрық жобасын жариялады.
Елде биологиялық белсенді қоспалар саудасы қызып тұр. Екі жыл бұрын қазақстандықтар бұл мақсатқа 150 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаса, одан бері тұтыну көлемі тағы 15-20 пайызға артты. Мұндай өнімдердің 90 пайызы маркетплейстер арқылы сатылады. Алайда тауардың құрамына мән беріп жатқандар аз. Сарапшылардың пікірінше, бұл қоспалардың тең жартысы мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті былтыр 9 ай ішінде 20 мыңнан астам өнімнен сынама алып, солардың 25 пайызы талапқа сай келмейтінін анықтады.
Бауыржан Мырзатай, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- Биологиялық белсенді қоспалардың 30 пайызынан астамы көлеңкелі экономикаға жататын болып келеді. Қазіргі уақытта, коронавирус дертінен кейін көптеген халық, тұтынушылар БАД қолдануда. Бірақ бұл тауар қатты қадағалауға жатпайтын болғандықтан дәрі-дәрмектер сияқты, көптеген контрафактілік, контрабандалық тауарлар болып келеді.
Биоқоспа саудасы цифрлық бақылауға алынады
Көлеңкелі бизнес пен сапасыз өнімге тосқауыл қою үшін биологиялық белсенді қоспалардың сауда айналымын цифрлық бақылауға алу жоспарланып отыр. Яғни әрбір тауарға Дата Матрикс коды жапсырылады. Соны кез келген тұтынушы мен кәсіпкер телефон арқылы сканерлеп, өнімнің қайдан және қашан шыққанын, қалай жеткізілгенін біле ала алады. Бұл жүйе былтыр наурыз бен желтоқсан айлары аралығында пилоттық режимде тексерілді. Оған 20 кәсіпкер қатысқан. Соның ішінде отандық өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда өкілдері бар. Енді биыл жоба толық режимде енгізілуі мүмкін. Сауда және интеграция министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатқа сәйкес цифрлық таңбалауды қыркүйек айынан бастау көзделген.
Бауыржан Мырзатай, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- "Нақты өнім" мобилді қосымшасы арқылы астындағы өтініш тастау батырмасын басып, өкілетті органға өтініш тастайды. Мысалы, қаптамада дәрінің атауы мынадай, бірақ сканерлеген кезде басқа дәрінің атауы немесе басқа сәйкестік келмеушіліктер тапса, ол өтініш бере алады.
Зергерлік бұйымдардың көбі заңсыз сатылады
Ал биыл желтоқсан айынан бастап зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қойылады. Өйткені мұндай өнімдердің де көбі заңсыз сатылып жүр. Сарапшылардың есебінше, зергерлік нарықтағы көлеңкелі бизнес үлесі 90 пайыздан асады. Бұл тұтынушылар үшін өнімнің түпнұсқалығы мен заңдылығын тексеру мүмкіндігін шектеп отыр. Әрі салық түсімдерін азайтады. Цифрлық таңбалау кез келген әшекей бұйымға қолданылмайды. Тиісті заңнамада белгіленген бағалы металл түрлеріне ғана қатысты болады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сүйенсек, елде зергерлік бұйымдар сатумен 4 жарым мыңнан астам кәсіпкер айналысады. Олардың 10 пайызы - тауарөндіруші. Былтыр он ай ішінде қазақстандық зергерлер жалпы құны 4 млн доллардан астам бағалы әшекейлер өндірген. Алдыңғы жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 41 пайызға көп. Ал импорт және халықаралық көрмелер үшін ел аумағына 174 млн доллардың тауары жеткізілген. Солардың кері қайтарылған үлесі мен экспортты қоса алғанда, сыртқа шығарылған өнім көлемі 54 млн доллар шамасында болды.
Зергерлерді қолдау шаралары
Елде кейінгі он жылда мұндай компанияларға жыл сайын 300 келіге дейін алтын сатуға квота белгіленді. Ал 2023 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін өндірушілердің алтын сатып алуына қосымша құн салығы салынбады. «Мұның бәрі өндіріс қуатының артуына тікелей ықпал етті», - дейді сала мамандары.