Қазақстан мен Қытай болат өндірісін дамытады

Қазақстан Қытай провинцияларымен жеке сауда-саттық жүргізе бастады. Өйткені көрші елдің әр өңірінде тауар түрлеріне деген талғам мен сұраныс әрқилы.

Бұл елде әсіресе біздің ұн, май, бал мен сүт өнімдері өтімді. Сонымен қатар Моңғолиямен де ынтымақтастық нығайып келеді. 

Қытаймен сауда байланысы нығайды

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытайдың өзара тауар айналымы едәуір ұлғайды. 2023 жылы 41 млрд доллар болса, былтыр 49 млрд долларға жуықтаған. Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының ресми мәліметі осындай. Аспан асты елінің жері кең әрі халқы тығыз орналасқандықтан әрбір әкімшілік аймағының сауда нарығы өз алдына ерекшеленеді. Яғни тауар түрлеріне деген талғам мен сұраныс бөлек. Сондықтан Қазақстан көрші мемлекеттің провинцияларымен экономикалық байланысты тереңдетуге мән беріп отыр. Тақауда Шаньдун провинциясында өткен жиынның қорытындысына сәйкес, отандық компаниялар мен жергілікті серіктестер жаңа келісімдер жасады. Қазақстан агроөнеркәсіп тауарлары мен терең өңделген өнімдер ұсынып отыр. Шаньдун - Қытайдағы ең ірі экономикалық өңірлердің бірі. Мұнда қуатты өндіріс базалары мен кең тұтыну нарығы бар. Көрші елмен арадағы былтырғы тауар айналымының 2,2 млрд доллары дәл осы провинцияға тиесілі.

Айтмұхаммед Алдажаров, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

- Миссияға 25-тен астам отандық компания қатысты. Ұн, май өнімдері, бал, сүт және кондитерлік тауарлар қытайларға қызықты болды. Қазақстандық компаниялар 125 млн долларға келісім жасады. Біз Qaztrade экспортты бастан-аяқ жүйелі жүргіземіз.

Қазақстан мен Қытай болат өндірісін дамытуға ниетті. Ол үшін екі ел жылына 3 млн тоннаға дейін өнім өндіретін металлургиялық комбинат салады. Бұл бастама Фузцянь провинциясында өткен кеңесте талқыланды. Жобаға 1,2 млрд доллар инвестиция тартылуы мүмкін. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 2 жарым мың жаңа жұмыс орны ашылады.  Өнім ең алдымен ішкі нарықты қамтып, содан кейін экспортқа шығады. Сонымен қатар өзге компаниялармен бірге тоқыма, электротехникалық өнімдер, жүк көтергіш жабдықтар өндірісін жетілдіру және инженерлік орталықтар құру мәселелері қаралды. Бұған қоса Қытайдың тоғыз провинциясы тоғысқан тұста орналасқан Ухань қаласында Qaztrade өкілдігі ашылды. Бұл кеңсе қытайлық компаниялармен тікелей жұмыс істеп, экспорт әлеуеттін арттыруға ықпал етеді. Айта кетейік, былтыр Фуцзянь провинциясы мен Қазақстанның тауар айналымы 522 млн доллар болса, Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясымен 163 млн долларға сауда-саттық жасалған.

Айтмұхаммед Алдажаров, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

- Тезірек шығады ғой экспортқа. Сол үшін біз қытайларды күтпей, осында келеді демей, біз сол жерде шоу-рум ашамыз. Олар келіп, келісімшартқа отыруға мүмкіншілігі бар.

Қазақ-моңғол арасында тауар айналымы артты

Қазақстандық компаниялар Моңғолия нарығындағы рөлін де арттырды. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 3 есе өсіп, 133 млн доллардан асты. Моңғолияға экспортталған жүктің 90 пайызы - дайын өнім. Соның ішінде азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларының үлесі басым. Улан-Батордағы сауда миссиясы аясында жалпы құны 62 млн доллардан асатын жаңа экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Жауапты министрлік өкілдерінің хабарлауынша, Еуразиялық экономикалық Одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі де қосымша мүмкіндіктер береді. Құжат 370-ке жуық тауар түріне қатысты. Сондықтан бұл өнімдерді экспорттау жеңілдейді. Келесі қадам - Моңғолия үшін Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану. Бұл серіктес елді жаңа бағыттармен, соның ішінде Еуропа, Кавказ және Түркия нарығымен байланыстырады.

Екі ел өзара сауда алаңдарын ашады

Қазақстан Ұлан-Батырда, ал Моңғолия Алматыда сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отыр. Бұл делдалсыз жұмыс істеуге және жаңа серіктестер табуға дәнекер болады. Тараптар ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Әсіресе, астық пен өңделген өнімдерге ерекше мән берілген.