«Самұрық-Қазына» энергосекторды күшейтіп жатыр

«Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша энергетикалық саланы дамытуға арналған ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл кешенді жаңғыртуды қамтиды. 

Яғни жаңартылатын энергия көздерін дамыту, дәстүрлі электр станцияларын жаңарту, электр желі инфрақұрылымын күшейту және өңірлердегі энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру. Негізгі жобалардың бірі – Екібастұздағы 1-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясын жаңғырту ісі.

2024 жылы Екібастұздағы 1-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясы кең ауқымды жаңғыртудан кейін толық қуатқа шықты. Станция 30 жылдан соң алғаш рет 8 блокпен жұмыс істей бастады. Қуаты 4040 МВт-қа жетті. Жобаны «Самұрық-Қазына» еншілес ұйымы – «Самұрық-Энерго» жүзеге асырды. 

Алексей Огай, «Самұрық-Қазына» АҚ Энергетикалық және тау-кен активтері департаментінің директоры:

- Нәтижесінде күзгі және қысқы кезеңде Екібастұздағы 1-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясы толық қуатта жұмыс істейді. Бұл электр жүйесіндегі қуат тапшылығын айтарлықтай төмендетіп, жұмыстың сенімділігін арттырды. МАЭС-1-де атқарылған жұмыстар Қазақстанның энергетикалық нысандарды жаңғырту және саланың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бағдарламасының бір бөлігі.

Жаңғырту кезінде станцияда 540 мегаватттық қуаты бар және жоғары энергия тиімділігіне ие энергоблок қалпына келтірілді. Сонымен бірге қазандық және турбина жабдықтары жаңартылып, заманауи автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді.

Саят Жұманбаев, Екібастұз 1-МАЭС бас инженері:

- Станцияда атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды едәуір азайтатын заманауи электрсүзгілер орнатылды. Жаңғырту әлеуметтік тұрғыдан да оң әсерін тигізді. Қосымша жұмыс орындары  ашылды.

«Самұрық-Қазына» қоры энергетикалық саланы жаңғыртып, генерацияны жаңарту, электр желілерін дамыту және өңірлерде энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға басымдық береді. Бұл елді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге және қуат тапшылығының қаупін азайтуға жол ашады, дейді мамандар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев