Ақмола облысында егістік алқап 65 мың гектарға ұлғаяды
Диқандар 5,6 млн гектарға жуық жерді игеруді көздеп отыр. Әсіресе майлы дақылдарға басымдық беріледі.
Көкшетауда өткен агрожиында диқандар мен сала өкілдері көктемгі дала жұмыстарының дайындығын екшеп, қордаланған мәселелерді пысықтады.
Ақмолалық диқандар егіс науқанына қызу дайындық үстінде. Техникаларын сайлап, тұқымдарын қамдап жатыр. Тіпті басым көпшілігі жұмысқа былтыр күзде кірісіп кеткен. Себебі көктемгі науқанды қаржыландыру ерте жүргізілді. Қазір «Кең дала» бағдарламасы аясында 500-ден астам шаруа 82 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды.
Болат Бекежанов, шаруа:
- Тұқымды жаңарту керек. Жаңа тұқым элитный болса, бағасы басқа болады. Оның бәрі қаражат қой. Соның бәрі «Кең дала» бағдарламасында қарастырылған. Сайман алсаң, жанармай алсаң, еңбекақы төлесең, соның бәрі кіріп тұр. Оның тиімділігі сол ғой.
Агрожиында тұқым қоры, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және мемлекеттік қолдауларды уақытында үлестіру мәселелері талқыланды. Жалпы аймақ диқандары соңғы екі жылда рекордтық көлемде астық жинады. Биыл да қамбаны толтырып алмақ.
Еркін Қазыбаев, шаруа:
- Техника жылда жасалатын жұмысымыз ғой. Соның бәрін дайындап қойдық, енді 100 процент демесек те, 90-95 процентке дайынбыз.
Биыл шаруалар тұқымнан таршылық көрмейді. Қазір жарты миллионнан астам тоннаға жуық қор дайындалған. Үкіметтен төмен бағада жанар-жағармай да қарастырылған.
Ренат Қасенов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекет тарапынан Ақмола облысына 76 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Соның 25 мыңы қазіргі таңда шаруаларға берілді. Және де мұның бағасы - 281 мың теңге. Нарықтағы бағамен салыстырғанда 15 пайызға төмен. Тұқым жұмыстарына келетін болсақ, шаруашылықтар 100 пайыз қамтылған.
Жалпы өңірдегі егіс науқанына 30 мыңнан аса техника жұмылдырылмақ. Ауа райы қолайлы болса, көктемгі дала жұмыстары мамыр айының ортасында басталады деп жоспарланған.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко