АҚШ-пен инвестициялық ынтымақтастық артады  

Қазақстан делегациясы Вашингтонда америкалық бизнес және сарапшылар қауымдастығымен кездесті. Еліміздің делегациясын Президенттің АҚШ-пен ынтымақтастық жөніндегі өкілі Ержан Қазыхан бастап барды.

Тараптар саяси реформалар, инвестициялық ахуал және экономиканы әртараптандыру мәселелерін талқылады. Энергетика, технология және қаржы салаларындағы жаңа мүмкіндіктерге назар аударылды. Кездесулер Atlantic Council мен АҚШ Сауда палатасында өтті. 

Еліміздің делегациясы алдымен Атлантикалық кеңесте америкалық сарапшылармен жүздесті. Мақсат айқын. Қазақстан жайлы пікір қалыптастыратын зиялы қауым өкілдері мен халықаралық саясат, экономика мамандары бірігіп, Астана мен Вашингтон арасын жақындатудың тың жолдарын талқылау.

Кездесу басталмай тұрып, тараптар жоспарларын пысықтап, америкалық мамандар Қазақстан елшісіне ұсыныстарын смартфоннан да көрсетіп жатты. Іс-шараның бейресми бөлігінде нақты әрекеттердің жай-жапсары сөз болды. Мұны Қазақстан Президентінің АҚШ-пен келіссөздер жүргізу жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханмен жымия әңгімелескен Шевронның Федералдық және халықаралық қатынастар жөніндегі менеджері Дебби Маршалдың жылы жүзінен де байқайсыз. Көп күттірмей, қонақтар дөңгелек үстелге жайғасып, Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасының тың жетістіктері баяндалды. Қос ел арасында қол қойылған ауқымды 29 келісім мен 17 млрд долларлық қаражаттың маңыздылығы атап өтілді. Еліміздегі реформалар, экономикалық бастамалар, C5+1 форматының болашағы жайлы әңгіме өрбіп, америкалықтарды толғандырған сауалдарға жауап берілді.

Эндрю Д’аниери, Atlantic Council ұйымының Еуразия орталығы директорының орынбасары:

- Бүгін Atlantic Council алаңында арнайы уәкіл Қазыхан, Ұлттық банк төрағасы Сүлейменов және вице-министр Қуантыровпен мазмұнды кездесу өтті. Қазақстан экономикасы, сыртқы саясат және АҚШ-пен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Жалпы екіжақты қатынастың келешегі зор. Себебі екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Әсіресе табиғи ресурстармен қатар, технология, төлем жүйелері және банк секторында серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік бар. Қазақстан – инвестициялық тұрғыдан тартымды әрі АҚШ үшін сенімді серіктес ел.

Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Осы Вашингтонға келген делегацияның негізгі мақсаты - АҚШ және Қазақстан президенттерінің арасындағы келісілген уағдаластықтарды жалғастыру. Оның ішінде саяси диалог, бизнес қатынастарды ары қарай дамыту. Мысалы, қазіргі таңда Сауда палатасының платформасында дөңгелек үстелді өткіздік. Сол дөңгелек үстелде көп мәселелерді, экономикалық даму, инвестиция жағынан, және ашылатын мүмкіндіктерді екіжақты түрде тек Қазақстанға ғана емес, АҚШ-қа да қарай сол мәселелерді біз жан-жақты талқыладық.

Басқосу ары қарай кәсіпкерлер қауымдастығымен кездесуге ұласты. Отандық делегация АҚШ Сауда палатасында «Chevron», «ExxonMobil», «PepsiCo», «Morgan Stanley», «Citi», «Nasdaq», «Meta» сияқты ірі компания өкілдерімен жүздесті.

Хуш Чокси, АҚШ Сауда палатасының вице-президенті:

- Қазақстанның осындай лауазымдағы өкілдермен тікелей диалог орнатуы - өте маңызды әрі ұтымды қадам. Елдеріңіздегі бизнес ахуалға қатысты жаңартылған ақпарат алып, ашық пікір алмастық. Дән ризамыз. Қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде бұл аса өзекті. Кейінгі жылдары ынтымақтастық деңгейі қарқынды дамып келеді. Қазақстан экономикасын әртараптандырып жатқанына куә болып жатырмыз. 

Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың дамуына үлес қосқан азаматтың бірі - Монтана штатынан шыққан сенатор Стив Дэйнс. Оның бастамасымен АҚШ конгресінде Орталық Азияға қатысты конгресмендер бірлестігі құрылып, екіжақты байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Білікті саясаткер ескірген Джэксон-Вэник түзетуін алып тастауды қолдап, C5+1 платформасының стратегиялық маңыздылығына ерекше көңіл бөлген. Қазіргі АҚШ әкімшілігінің Орталық Азия елдеріне назарын аударуға да ықпал етті. Сенатордың екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан осындай зор еңбегі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атынан І дәрежелі «Достық» ордені табысталды.

Стив Дэйнс, АҚШ сенаторы:

- Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. Бұл Қазақстан атты ұлы мемлекет пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан көрсетілген менің өмірімдегі ең зор құрметтің бірі. Екі ел арасындағы қатынастың бұрынғыдан да нығая түсетініне сенімдімін. Вашингтондағы кездесулерде қос мемлекет басшылары экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. Мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде Қазақстанда 1990 жылдардан бері табысты қызмет етіп келе жатқан ірі инвестор Chevron-нан бастап, 700-ден астам америкалық компания жұмыс істейді. Бұл Қазақстанның – бизнеске қолайлы, сенімді серіктес екенінің дәлелі.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуді мақсат еткен сапар алда әлемдік қаржы орталығы Нью-Йоркте жалғасын табады. Кездесулер Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюталық қорындағы жиындарға ұласып, рейтингтік агенттіктермен екіжақты талқылаулар өткізіледі. Алып шаһарда Қазақстанның қаржы күнін ұйымдастыру да жоспарланған.    

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг