Экономикалық әлеуеті зор аудан
Алматы облысы Іле ауданының Күрті, Қараой және Байсерке ауылдарында әлеуметтік осал топтағыларға арналып үйлер салынды.
200-ден астам баспана «Отбасы банкі» арқылы беріледі. Ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жалпы аумағы 42,1 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне тапсырылған. Мамандар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар дейді. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 290,9 млрд теңге болса, негізгі капиталға салынған инвестициялар 48,5 млрд теңгеге жетті.
Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты М. Түймебаев ауылының жаңа құрылыс аумағында былтыр екі артезиан ұңғымасы қазылды. Сыйымдылығы 500 текше метрлік екі резервуар орнатылды. Нәтижесінде мыңға жуық үйге су құбыры тартылып, халық сапалы ауызсу тұтынып отыр.
Қыздығой Сүлейменова, М. Түймебаев ауылының тұрғыны:
- Осы су жақсы болды, тап-таза. Шәйнегімді байқаймын жуған кезде, қақ тұрмайды. Тазалығы ғой енді судың.
Ақши, Қараой, Көктерек ауылдарында 244 арендалық үй салынды. Жылдап үй кезегінде тұрғандарға «Отбасы банк» арқылы беріледі. Жалпы облыс бойынша бюджеттік түсімдердің 59,3 пайызы Іле ауданының үлесінде. Ауданда 1500-ден астам ірі зауыт-фабрика бар. Солардың бірі фармацефтикалық дәрі-дәрмек шығаратын «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясы.
Сәбит Нәдірбек, "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС бөлім меңгерушісі:
- Біздің зауытта Кореядан және Еуропадан әкелінген құрал-жабдықтармен жүзден астам дәрінің түрі шығарылады. Қазақстан нарығына және жақын шетелдерге экспорт жасалынады дәрілеріміз.
Қайыржан Жақсымбетов, Іле ауданының әкімі:
- 47 үлкен инвестициялық жоба жұмыстары тартылуда. Егер осы жобалар іске асқан жағдайда біз 1600-ге жуық жұмыс орнын ашамыз деген жоспарымыз бар үлкен.
Былтыр Өтеген батыр ауылдық округінде 400 орындық мәдениет үйі салынып, оған қазақтың ұлы композиторы, дирижер, КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілді. Алдағы уақытта Борладай ауылында 280 орындық мәдениет үйі ашылады.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов