Іле ауданында жаңа балық шаруашылығы ашылды

Алматы облысындағы Мұхаметжан Түймебаев ауылында жылына 500 тонна балық өндіретін кәсіпорын ашылды. Жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Шаруашылық ашық су айдындарында балық өсіруге арналған тор қоршау мен қажетті бөлшектерін шығарады, деп хабарлайды 24KZ.

Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында орналасқан «Бақыт» шаруа қожалығында тұқы, сазан, бақтақ және бекіре балығы өсіріледі. Тор қоршаудың ішіне жіберілген шабақтардың салмағы үш айда 2,5-3 келіге дейін жетеді. Ал табиғи ортада бұл балық түрлері өте баяу өседі. Жаңа шаруашылықтың ашылуы арқылы 15 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бақыт Алдыбаев, «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы;:

– Қазірдің өзінде 200 тоннаға жуық балық өсірдік. Алдағы қыс бойы осындай тор қоршаулардың санын көбейтіп, жоспарланған көлемге жетуді мақсат етіп отырмыз.

Ащыбұлақ ауылдық округінде осындай 18 шағын тоған бар. Кәсіпкер көл мен оның айналасындағы жерді он жылға жалға алған. Шаруашылық еліміз бойынша ең алғашқылардың бірі болып балық өсіруге арналған тор қоршау өндіру желісін де іске қосты. Алматы облысы бойынша биыл балық шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге бөлінді.

Мұхамедғаріп Құрманғалиев, Іле ауданы әкімінің орынбасары;:

– Қазір үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншісі – тауарлы балық өндірісін дамыту, яғни аквакультура саласын өркендету. Екіншісі – заңнамалық және әкімшілік кедергілерді азайту. Үшіншісі – мемлекеттік қолдау көрсету. Оның ішінде субсидиялар, инвестициялық көмектер мен жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Алматы облысында балық өсіру көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 10 мың тоннаға жетті. Ал 2030 жылға дейінгі жоспарға сәйкес, өндіріс көлемін 20 мың тоннадан асыру көзделіп отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: