Қызылорда облысында 70 мың гектар жерге күріш егіледі

Қызылорда облысында күріш егу басталды.

Биыл аймақта барлығы 186 мың гектарға жуық алқапқа дән себіледі. Су тапшылығына байланысты күріш алқабы 70 мың гектар болып бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға аз. Оның орнына суды аз қажет ететін жүгері алқаптары ұлғайтылады. Биыл егінді суаруға 3,2 миллиард текше метр су лимиті бөлінді. Науқанға 4 мың техника жұмылдырылып, диқандар арзандатылған жанар-жағармаймен қамтылған. Су үнемдеу технологияларының көлемі де 4 есеге артады.

Талғат Дүйсебаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мемлекет басшысының қолдауымен осындай технологияларды енгізуге облысқа 34 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде биылға 10 миллиард теңге қаржы. Биылдың өзінде біз жаңағы айтқан тамшылатып, жаңбырлатып суғару әдісімен егілген алқаптардың көлемін 16 мың гектардан асыруға жұмыстар басталды. Минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға, су жеткізіп беру құнын арзандатуға, тұқым бағасын арзандатуға субсидиялар қаралған.