Қытайда еліміздің инвестициялық әлеуеті таныстырылды
Қытайлық инвесторлардың Қазақстанның бизнес климатына деген сенімі артты. Елімізде Қытай капиталының қатысуымен жұмыс істейтін компания саны 8,3 мыңға жетті.
Бұл туралы Астана халықаралық қаржы орталығының Шанхай қаласында өткен іскерлік іс-шарасы кезінде айтылды. Оған қос елдің 150-ден астам бизнес және қаржы институттарының өкілдері қатысты. Жиында екіжақты іскерлік байланыс аясын кеңейту жайы талқыланды. Сондай-ақ «В2В» кездесулер ұйымдастырылып, көрші елдің кәсіпкерлеріне тау-кен металлургия кешенінен бастап инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен қаржыландыру құралдары таныстырылды.
Ренат Бектұров, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Осындай іс-шараларды өткізіп елімізді танылту, еліміздегі экономикалық мүмкіндіктер туралы айту өте маңызды. Басты мақсатымыз осы екі ел арасындағы инвестициялық, қаржы саласындағы қарым-қатынастарды нығайту және ең бастысы елімізге деген инвестиция санын көбейту.