Ірі қара экспортына тыйым салынды
Ірі қара экспортына тағы уақытша тыйым салынды. Осы арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамту және бағаны тұрақтандыру көзделген.
Ал қараусыз қалған қасапханалардың кейбірі қайта қалпына келтірілсе, кейбірі мүлде жойылды.
Қазақстан шетелге ірі қара сатпайды. Бұқашық экспортына уақытша тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, алдағы жарты жыл бойы Еуразиялық экономикалық одақ және үшінші елдерге жануардың бұл түрін тасымалдауға болмайды. Тиісті құжат күшіне енді. Жалпы мұндай шара былтыр мамырдан бастап сәуірдің соңына дейін де қолданылған еді. Енді мерзімі қарашаға дейін ұзартылып отыр. Мамандардың айтуынша, осы арқылы ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру көзделген. Әдетте бордақылау алаңы бар кәсіпкерлер күзде еркек бұзау мен бұқашықтарды жинап алып, қыс бойы семіртіп, кейін жер аяғы кеңігенде көрші мемлекеттерге тірілей экспорттайтын. Енді олай емес. Шаруалар малын сойып сатады. Экспортқа тағы квота бекітілген. Сондықтан өнімді толығымен ішкі нарыққа жібереді. Былтыр елде 435 мың тонна сиыр еті өндірілсе, соның 32 мың тоннасы экспортталған. Ал 13 мыңдай бас ірі қара шетелге тірідей сатылған.
Саят Қамзин, ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы:
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етінің бағасы 26 пайызға дейін шарықтаған болатын. Осы бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру шаралары негізінде осы уақытша шектеу енгізілді.
62 қасапхана қалпына келтірілді
Мал да, нарық та, сұраныс та бар. Ал қасапханалардың қауқары қалай? Жоғары аудиторлық палата Ауыл шаруашылығы министрлігінің әр аймақтағы жауапты инспекцияларына мал сою бекеттерінің жай-күйін талдауды тапсырған. Мұндай 667 нысан қаңырап бос тұрыпты. Қабылданған тиісті шаралардың нәтижесінде 62 қасапхана қайта қалпына келтірілді. Олардың көбі Қарағанды, Абай және Павлодар облыстарында орналасқан. Бұдан бөлек, Ақмола мен Қызылорда облыстарында тағы 13 алаң кері іске қосылғалы тұр. Ал қалған нысандардың барлығы жарамсыз деп танылды. Ақпараттық жүйеге өзгерістер енгізіліп, меншік иелерінің өтініші негізінде бұл алаңдар жойылған. Сонымен қатар қасапханаларда ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге арналған жабдықтар тізімі 20-дан 16-ға дейін қысқартылды. Бұл өзгеріс салада міндеттелген әкімшілік талаптарды жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлердің шығынын азайтады.
Қой етіне шетелден сұраныс артты
Қой етіне шетелден сұраныс едәуір артты. Былтыр 11 ай ішінде 30 мың тоннадай өнім эспортталған. Бұл алдыңғы жылдағыдан екі есе көп.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми статистикасы осындай. Әсіресе Парсы шығанағындағы елдер негізгі сауда серіктесімізге айналды. Соның ішінде биыл Сауд арабиясына алғаш рет халал сертификатымен тауар жеткізіліп жатыр. Алматылық компанияның өзі алғашқы партиямен 3,5 мың тонна салқындатылған қой етін тасымалдады. Қазақстандық мамандар қой селекциясына ерекше мән беріп отыр. Өйткені шетел нарығында құйрық майы аз қойдың ұшасы өтімді. Сондықтан жергілікті және шетелдік тұқымдардан етті бағыттағы төл алынып жатыр.
Жұмабек Божиков, малды ұрықтандырушы-техник:
- Құйрық майын азайту жолында біз ұзақ жыл жұмыс жасап келеміз. Мысалы, шетелге шығару үшін көбіне құйрық майын азайту үшін еділбай мен дорперді бодандастырып, соны араб еніне шығарып жатқан жағдайдарымыз бар. Сұраныс көп қазір ет бағытында.
Ет өңдеушілерге импорт квотасы бөлінді
Қайта өңдеушілер үшін сиыр етін импорттауға арналған тарифтік квота көлемі белгілі болды. Биыл олар шетелден 9 240 тонна өнім сатып ала алады. Осы айда өтінім қабылдау басталды. Науқан келесі айдың аяғына дейін жалғасады.