Танымал продюсер Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 млн теңге сыйақы төлейтінін айтты

Фото: novoetv.kz

Танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға бейнеүндеу жариялап, актрисаға қазақ қыздарының символына айналған «Қыз Жібек» фильміндегі рөлі үшін алғыс білдірді. Ол өнер иесіне өмір бойына ай сайын 1 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «24kz»

Продюсердің айтуынша, «Қыз Жібек» фильмі үшін арнайы тігілген камзол қазір өзінде сақтаулы, жеті құлыптың астында тұр. Бұл жәдігердің өзіне аманат ретінде табысталғанын айтқан ол, оның алдағы тағдырын тиісті органдар шешетінін жеткізді. Сонымен бірге, уақыт өте келе камзол ұлттық мұра ретінде музейге тапсырылатынын атап өтті.

«Алайда менің айтқым келгені бұл емес. Мен Меруерт апайға өз атымнан шағын болса да сый-құрмет көрсеткім келеді. Қазіргі таңда ол кісі Астанада, ал мен Алматыда тұратындықтан және жұмысбастылыққа байланысты арнайы бара алмай отырмын. Дегенмен, қазақтың Қыз Жібегіне құндыз тон сыйлағым келеді», — деді ол.

Сондай-ақ Баян Алагөзова күйеуі екеуінің атынан: «Мұны қазақ өнеріне қосқан өлшеусіз еңбегіңіздің лайықты бағасы деп қабылдауды өтінемін», — деп, өмір бойына ай сайын 1 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындайтынын жеткізді.

Бұдан бөлек, продюсер меценаттарға үндеу жасап, елге еңбегі сіңген, бірақ елеусіз қалған өнер қайраткерлерін ұмытпай, оларға қолдау көрсетуге шақырды.