Астана мен Мәскеу саяси диалогты нығайтып жатыр

27 млрд АҚШ доллары. Қазақстан мен Ресей арасындағы жылдар бойғы сауда айналымының көлемі осындай.

Бұл қос елдің стратегиялық серіктес ретіндегі жан-жақты ынтымақтастығы кезең-кезеңімен өрбіп келе жатқанының көрінісі. Астана мен Мәскеу бірлесе ұзақмерзімді жоспар құрып, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындаудың тамаша үлгісін көрсетіп келе жатыр, - дейді сарапшылар. 

1992 жылдың 22 қазанында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастың жаңа дәуірі басталады. Еліміздің солтүстіктегі көршісімен шектесетін тұсы 7590 шақырымға дейін созылатынын ескерсек, арадағы достық қатынасты нығайту қос елдің мүддесі үшін  маңызды мәселе. Жалпы Астана мен Мәскеудің арасындағы мызғымас сыйластығы тұтас Еуразия құрлығындағы экономикалық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі, дейді халықаралық коммуникация жөніндегі сарапшы.

Азамат Байғалиев, саясаттанушы, Халықаралық коммуникация жөніндегі сарапшы: 

- Стратегиялық әріптестігімізге шын баға беру үшін, негізгі факторларға зер салу қажет. Оның бірі  - шекараға қатысты осы уақытқа дейін бір де бір мәселенің туындамауы. Мұнда маңызды деген бірнеше бағыт қамтылады. Бір жағынан, экономикалық және дипломатиялық салалар, екінші жағынан, шекара маңы аумақтарын дамыту – міне, бұл тұрғыда еш мәселе жоқ. Бүгінде екі елдің стратегиялық қарым-қатынасы тұрақты әрі жоғары деңгейде деп нық сеніммен айтуға болады.

Қазақстанға сапары кезінде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров атап өткендей, бүгінде  екі ел арасындағы достық бейілдегі диалогқа ашықтық, қос тарап мүдделерінің тоғысуы мен теңгерімді байланыс арқау болған.

Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында Ресей екінші орында. Екіжақты сауда айналымындағы шикізаттық емес тауар үлесі 80%-дан асады, бұл арадағы алыс-берістің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, біздің ел Қазақстан экономикасына салынған шетелдік инвестициялардың көлемі жөнінен ең негізгі серіктестердің бірі. Мұнда ресейлік капиталдың қатысуымен шамамен 19 мың компания тіркелген. Ресейлік инвестициялардың жалпы көлемі ондаған миллиард доллармен бағаланады.

Экономикалық байланысты одан әрі өрбіту үшін бүгінде тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Бірлескен өндірістер іске қосылып, жемістерін беріп жатыр. Ендігіде тауар тасымалын оңтайландырудың тың тәсілдері қаралуда.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Болашақта біздің жоспарымыз екі ел арасындағы барлық қатынастар, тауар тасымалдау кезінде барлық құжаттар электронды форматқа ауыстырылуы тиіс. Сол бойынша техникалық сұрақтар қарастырылып жатыр. Екі ел арасындағы шекара бекеттерінде жаңғырту жұмыстары жүргізідіп жатыр. 30 бекет заманауи талаптарға сай болады. Соның арқасында өткізу пунктарының жолдары кеңейтіледі. Және де жаңа техникалық құралдар осы тексеру процесстерін жеңілдететін болады.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 12 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев и Владимир Путин Кремльде тарихи құжатқа қол қойған еді. Стартегиялық құжат барлық деңгейдегі мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытуды көздейді. Онда өзара ықпалдастықтың тиімділігін арттырып, жоғары деңгейдегі байланыстарды үзбей, тереңдетудің маңызы айқындалған. 

Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қарашадағы  Ресейге жасаған мемлекеттік сапарын ерекше атап өткім келеді, ол алдағы бірлескен жұмыстың бағыт-бағдарын айқындады. Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің алдағы уақыттағы Қазақстанға мемлекеттік сапарын біз екіжақты өзара іс-қимылдың аса маңызды кезеңі деп білеміз. Бұл сапар саяси диалогты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

Үкіметаралық деңгейдегі өндірістік кооперация, отын-энергетика, ауылшаруашылығы сияқты бірқатар саланы қамтитын бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. Байырғы көрші, сенімді серіктестердің стратегиялық мақсат-мүддесі бір - достық қатынасқа сызат түсірмей, сауда-экономикалық,мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайта түсу.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев