Қазақ-қытай инвестициялық ынтымақтастығы
Қытайда Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық тартымдылығы ең жоғары мемлекет саналады.
Оны жылдан жылға артып келе жатқан инвестиция көлемінен-ақ байқауға болады. Мәселен, биыл екі ел арасындағы бірлескен инвестжобалар саны 269-ға жетті. Сондай-ақ Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен жұмыс істейтін компания саны өскен.
Қазақ-қытай инвестициялық әріптестігі жаңа деңгейге шықты. Елімізде Қытай капиталының қатысуымен жұмыс істейтін компания саны 8 мың 300-ден асты. Бұл қытайлық компаниялардың еліміздің бизнес климатына деген сенімі жылдан жылға артып келе жатқандығын көрсетеді.
Биыл қазақ-қытай сауда-саттығында жаңа рекорд тіркелуі мүмкін. Бұлай деуге негіз бар. Екі ел арасындағы тауар айналымы алғашқы тоқсанда-ақ 13,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,6 пайызға көп. Әлемде инвестицияға талас жүріп жатқан кезеңде Қазақстан батыл, әрі нақты шешімдер қабылдады. Осының арқасында дүниежүзіндегі екінші экономика саналатын Қытаймен тығыз байланыс орнап, тиімді жобалар жүзеге асып жатыр. Қазір көршілес екі мемлекеттің арасында жалпы құны 120 миллиард АҚШ долларынан асатын 269 инвестициялық жоба бар.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Екі ел арасындағы ынтымақтастық біртіндеп жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мұнда инвестициялар көлемі ғана емес, технологиялық кооперацияның тереңдігі, өндіріс және бірлескен индустриялық тізбектерді дамытуға басымдық беріліп отыр. Біз қытай бизнесінің Қазақстанға деген өсіп келе жатқан қызығушылығын құптаймыз. Сонымен қатар Қытай нарығына қазақстандық компаниялардың шығуын және жобаларға қатысуын кеңейтуге мүдделіміз.
Биыл Қазақстан Қытай үкіметінің «Қытайға экспорт» бастамасы аясында таңдап алынған 6 мемлекеттің бірі болып отыр. Бұл бірлескен форумдар мен көрмелер өткізіп қана қоймай іс жүзінде қазақстандық кәсіпорындардың Қытай нарығына шығуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақ мерзімді сату жолдарын қалыптастырып еліміздің брендтерінің танылуына жол ашады.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы